ҚР АШМ жұмыс тобы Маңғыстау облысына барды

ҚР АШМ жұмыс тобы Маңғыстау облысына барды

2022 жылғы 26-27 қаңтар аралығында Ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасы бойынша бірінші вице-министр Айдарбек Сапаров бастаған жұмыс тобы Маңғыстау облысына келді. Жұмыс тобының құрамына мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы департаменттерінің директорлары, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы, сондай-ақ «Азық-түлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары кірді.

Екі күндік сапар барысында жұмыс тобы Маңғыстау облысының Маңғыстау, Қарақия және Түпқараған аудандарында бірқатар іс-шаралар өткізіп, облыс басшылығымен, аудан фермерлерімен кездесті.

Жұмыс тобы облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен аграршыларын ведомствоның Үкімет резервінен жем-шөп шығындарын өтеуге қаражат бөлу, сондай-ақ субсидиялау жүйесін реформалау бөлігінде жүргізіліп жатқан жұмысы туралы хабардар етті.

Сондай-ақ, жұмыс тобының мүшелері облыс әкімі Н. Ноғаевтың құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлермен және өңір тұрғындарымен кездесуіне қатысты. Кездесуге қатысушылар азықпен қамтамасыз ету, облысты сумен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелерін талқылады.

Әңгіменің негізгі тақырыбы жемшөппен қамтамасыз ету мәселесі болды, фермерлер өз ұсыныстары мен ескертулерін айтты, сондай-ақ тап болған өзекті мәселелерді белгіледі. Барлық көтерілген мәселелер, ұсыныстар мен алаңдаушылықтар тыңдалып, тиісті шешім қабылдау үшін жұмысқа алынды. Айдарбек Сапаров фермерлерге министрлік қажетті шаралар қабылдап жатқанын және осы мәселені шешу үшін барлық күш-жігер жұмсалып жатқанын айтты.

Вице-министр хабарлағандай, 2021 жылы ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау үшін азық құнын ішінара өтеуге Үкімет резервінен 1,9 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді. Маңғыстау облысының әкімдігі іс жүзінде 1,2 млрд теңгені игерді. 

Субсидияны 733 шаруа қожалығы және 281 089 мал басына 6776 жеке қосалқы шаруашылық алды.

Есепке алынбаған ауыл шаруашылығы жануарларын Маңғыстау облысында тіркеу мақсатында 2021 жылғы 10 тамыз бен 10 қазан аралығында «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» деректер базасында «Жасыл дәліз – 2» функционалы іске қосылды. Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша қосымша 71 343 ауыл шаруашылығы малы тіркелген. Ведомство ҚР Үкіметінің резервінен аталған мал басына 664,2 млн. теңге қаражат бөлу туралы Қаржы министрлігіне қолдаухат жолдады.

Сонымен қатар, бүгін Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2022 жылғы 1 ақпаннан 31 мамырға дейін «Жасыл дәліз – 3» функционалын іске қосуды тапсырды, бұл ИӨС дерекқорында тіркелмеген ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіруді және тіркеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, ведомство 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін «ҚТЖ» АҚ-ның Маңғыстау облысы үшін азық тасымалдауға жеңілдетілген тарифтер ұсыну туралы алдын ала келісімін алды.

Ауыл шаруашылығы министрі жұмыс тобының сапар қорытындысымен, ұсыныстармен, ескертулермен және Маңғыстау облысы тұрғындарының проблемалық мәселелерімен танысты. Олардың барлығы министрдің жеке бақылауына алынды