Қоқысқа тасталған шыршаларды кәдеге жаратуға бола ма?

Қостанайлық экобелсенділер қоқыс контейнерлерінен шыршаларды жинауға кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24». Облыс орталығының өзінде сатылмай қалған 10 мыңға жуық қылқан жапырақты ағаш қалған. Жаңа жылдың сәнін келтірген, ал қазір ешкімге қажетсіз шыршаларды кәдеге жаратуға бола ма? 

Жыл сайын мерекеде төрде тұратын шырша көп ұзамай осылайша қоқыс алаңдарында үйіліп жатады. Экобелсенділердің ойынша, бұл ағаштарға жасалған қиянат. Оны да кәдеге жаратуға болады деген желеумен олар әр ауладан қылқан жапырақтыларды жинап жүр. Айрықша акция табиғат жанашырларының бастамасымен екінші жыл қатарынан өтіп жатыр.

Наурызбек Бірмағамбетов, экологиялық клубтың жетекшісі:

– Екі аптаның ішінде 600-дей шырша жинап үлгердік. Былтыр 1500-дей болған. Бәрі өңдеуден өтті. Жоңқалары топыраққа тыңайтқыш ретінде пайдаланылды. Әсіресе қылқан жапырақты ағаштардың тікендері пайдалы. Олар топырақты ылғалдандырып, өсімдіктердің тез өсуіне ықпал етеді.

Бір жағынан волонтерлер қоқыс жинайтын коммуналдық мекемеге де өлшеусіз қолғабыс жасап жүр. Ағаш өңдеумен айналысатын да жалғыз солар.  Полигонда сұрыптап үгітеді. Қазір онда 13 тоннадан астам ағаш жатыр. 

Светлана Македонская, коммуналдық мекеменің шебері:

– Қаладағы шыршаларды жинауға үш техника бөлдік. Арнайы құрылғы қарағайларды ұсақтап үгітеді. Содан тыңайтқыш жасаймыз.

Шырша малға да азық. Зоровавель Василюктің 3 сауын сиыры мен 4 бұзауы қылқан жапырақты ағашты жем-шөптен артық көреді. Ал ешкілері түгін қалдырмай жеп қояды.

Зоровавель Василюк, фермер:

– Жақында шырша қабылдаймын деймін деген хабарландыру бергенмін. Қазір 60 шақты ағаш жиналды. Әйтеуір сұрыптап үлгеріп жатырмын. Тіпті 1000-ға жуығын қабылдауға дайынмын. Мал азығынан бөлек отын ретінде де пайдаланамын.

Әзірге шыршаларды тек облыс орталығында жинауға мүмкіндік бар. Қалған қалаларда бұл мәселе шешімін таппаған. Өкінішке қарай, эковолонтерлерде жүк көлігі мен ағаш өңдейтін жер жоқ.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров