Маңғыстау халқы азық-түлік бағасының қымбаттағанына наразы

Маңғыстауда жыл басынан бері Сall-орталықтарға тұрғындардан 17 шағым келіп түсті. Халық азық-түлік бағасының қымбаттағанына наразы. Ақтауда, Түпқараған мен Мұнайлы ауданында дүкен иелері үстеме бағаны 25-30%-ке дейін көтергені анықталды. Оларға ескерту жасалды. Баға тағы да негізсіз көтерілсе, онда айыппұл салынады. Ал кәсіпкерлер көтерме сауда орындарын да тексеруді ұсыныпты. Кезекті мониторингтік бақылау осы бағытта жалғасты. 

Таңғы сағат 8:00. Мониторинг тобы 23-шағын аудандағы көтерме сауда базарында жүр. Аймаққа өзге өңірлер мен шетелден тасымалданатын жеміс-жидек, көкөністің бағасын білгісі келеді. Мұнда ірілі-шағын 150 сауда нүктесі бар.

Ақтаудағы ірі көтерме сауда базарына көкөніс Павлодар, Тараз, Қарағанды мен Ресейден, ал жеміс-жидек Иран, Түркімен, Өзбекстаннан әкелінеді. Мәселен, картоптың 1 келісі 145-150 теңгеден сатып алынып, Маңғыстауға теміржол және жүк көлігімен жеткізіледі. Былтыр желтоқсанда елімізде сәбіз бен картопты экспортқа шығаруға уақытша тыйым салынғаны мәлім. Демек, көтерме сауда бағасы әлі де арзандайды деп отыр тасымалдаушылар.

Нұрпейіс Назарғали, кәсіпкер:

– Жоғарыдағыларға айтатынымыз, соны шетелге шығармаса екен. Себебі біздің бағамыздың тұрақтануы сол жаққа байланысты. Үлкен қор Павлодарда қазір. Ақтауға дейін тасымалдауымызға 45-50 теңгедей кетеді. Бұл жерде 190 мен 200 теңгенің арасында сатамыз көтерме бағамен. Капустаның ең арзаны Қазақстан бойынша осы Маңғыстауда. Иранға жақын болғасын бізде арзан. 190-200 теңге. Картоп 250-300 тоннаның шамасында бар, пиязда сол шамада қоймаларымызда.

Аймақта көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау көрсетіліп жатыр. Кейбірі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 100 млн теңгеге дейін көмек алған. Берешек қаржы 6 айға 0%-пен беріледі. Демек, қалтасының қамын ойлаған дүкен иелерінің мәселені көтерме сауда базарларға ысыра салуын ақшаға құныққандық деп айтуға болады.

Жанна Тоқбаева, өңірлік кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы:

– Көтерме сауда, бөлшек сауда барлығы да өзінің алған бағасына 15 пайыздан артық үстеме ақы қосуға болмайды. Сол заңды түсіндіру үшін бізде «Халықтық бақылау» деген мониторингтік топтар құрылды. Өңір бойынша 54 топ жұмысын бастап кетті жыл басынан бері. Сонымен қатар Сall-орталықтар құрылды әрбір ауданда. Кейбір дүкендер картоптың, тағы да басқа тауарларға 15-тен артық үстеме қосқаны белгілі болды. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде сол бағалар орнына түсті.

Кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының айтуынша, кәсіпкерлердің 70 процентке жуығы қолданыстағы заңды білмейді. Алайда, бұл жауапкершіліктен босатпайды. Ескертуді елемегендерге енді 204-бап бойынша 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Талғат Исламұлы, Ренат Досали

 

 

ев