Қарағанды облысында жұмыспен қамту жәрмеңкесі ай сайын өткізіледі

Жезқазған қаласында инженер, мұғалім мен дәрігерлер жетіспейді. Сондай-ақ слесарь, дәнекерлеуші, сантехник мамандарына сұраныс жоғары, деп хабарлайды Хабар 24.

Оның үстіне биыл қалада «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бірқатар тұрғын үйдің құрылысы басталмақ. Ал ол шаруаны жүзеге асыратын құрылысшы мен сылақшы да тапшы. Жастарды жаппай еңбекке тарту үшін енді бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ай сайын өткізіледі. Бұған дейін тоқсанына бір рет ұйымдастырылып келген еді. Бұл жолғы жәрмеңкеге 39 мекеме қатысып, 240-қа жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың қатарында ірі компаниялар да бар. 60 адам түрлі мекемелермен еңбек келісім шартын жасады.

Айта кетейік, қазір мысты шаһарда 18 380 жас бар.

Ғабит Битенов, Жезқазған қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген жастардың саны 1593 адам. Оның бүгінгі күні 1099-ын тұрақты жұмысқа орналастырдық, қалған жастар мына қоғамдық жұмыстарға тартылып отыр. Бүгінгі күні пайыздық деңгейде бізде жұмыссыз жастар 4,6 процент.