Түркістан облысының ауылдары көгілдір отынмен қамтылып жатыр

Түркістан облысындағы Келес ауданының орталығы газбен қамтылады. Бұған дейін Абай ауылындағы үш шағын аудан көгілдір отынға қосылмаған еді, деп хабарлайды Хабар 24.

Былтыр бюджеттен 305 млн теңге қаржы қаралып, аудан орталығын толық газбен қамту жұмыстары басталды. Нәтижесінде Абай ауылына қарасты төрт мыңнан астам абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Жалпы Келес ауданында 83 елді мекен бар. Соның 58%-ті сұйық отынмен қамтылған. Қазір Біртілек ауылдық округіне қарасты 6 елді мекенді газға қосу жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек Абай ауылындағы құрылысы 2020 жылы басталған газ тарату станциясы биыл пайдалануға беріледі. Мамандар бұған дейін мұнда тәулігіне 3200 текше метр газ тұтынылса, енді оның көлемі 30 мың текше метрге дейін көбейетінін айтады. Яғни ол кезде аудан орталығынан бөлек, іргелес жатқан бірнеше ауылды толық көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік туады. +CHX

Әсемкүл Қалтаева, Абай ауылының тұрғыны:

– Газ деген рахат екен ғой. Қарашы шәй қойып, тамақ істеп, даладан келіп, күл шығаратын азапты айтсайшы. Кезек-кезек күл шығаратын едік. Енді рахат болып қалды.

Ақментай Есбаев, Келес ауданының әкімі:

– Былтыр Қошқар ата ауылдық округі 9 елді мекенде газ құрылысы жүрді. Қазір аяқталды. Құжаттандыру жұмыстары, газ қысымын беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Газ жүйесіне жауапты мекемеге өткізгеннен кейін ол елді мекендер де қосылатын болады. Биыл 9 елді мекенді қосатын болсақ, аудандағы елді мекендерді газға қосу пайызы 76,6%-ке жететін болады.