Ақтаудағы шағын ауданда тұрғындар пәтерін электр пешпен жылытып отыр

Ақтаудағы шағын ауданда тұрғындар пәтерін электр пешпен жылытып отыр

Ақтауда 500-ден астам отбасы 3 жылдан бері газсыз отыр. Мәселен, 16-шағын аудандағы «Керемет» тұрғын-үй кешенінің тұрғындары әлі күнге дейін электр пешін пайдаланады. Себебі баспанаға жауапты құрылыс компаниясы келісім-шартта көрсетілген көгілдір отынды пәтерге кіргізіп беру туралы талапты орындамаған.

Электр плиткамен келе жатырмыз. Қарайған электр энергия кетеді. Айына 20 мың төлейміз.

Шағырбаевтар отбасы 3 жылдан бері электр пешін пайдаланып келеді. Күнделікті тамақты дайындағаннан бөлек, тұрмыстық қажеттілік бар. Салдарынан электр энергиясы үшін ай сайынғы төлем қалтаны қағады.

Паудин Шағырбаев, қала тұрғыны:

- 2,5 жарым жылдай газ жоқ. Уәде етті «береміз» деп, сергелдең боп жүрміз. Басшыларға бардық, газаймаққа, акиматқа бардық, газ болады дейді.

Паудин Шағырбаев сияқты 500-ден астам отбасы «Кереметке» қоныстанғалы проблемадан көз ашпаған. Көгілдір отын жоқ. Жарық жиі сөнеді. Себебі осындағы көп қабатты 9 үйдің электр желісі бір қосалқы станцияға қосылған. Шамадан тыс жүктемеге шыдамайды.

Бисен Табылғанов, қала тұрғыны:

- Әуелде застройщиктен договормен алғанда по проекту газ болған. Кімнің кінәлі екенін білмей отырмыз. Застройщик акиматқа эксплуатацияға тапсырдық, қалғанын акимат жүргізеді деді. Әлі газ жоқ қой. Проект қалай экспертизадан өтті, білмей отырмыз. Тоғымыз әлсіз, үзіліп кете береді.

Батырбай Теңізбаев, қала тұрғыны:

- Электр энергия үнемі перебой болады. Ток жоқ болса, су да болмайды, лифт тұрып қалады, бүкіл снабжение тоқтап қалады.

Тұрғындардың жанайқайы жергілікті билікке жақсы таныс. Алайда түйткілдің түйінін тарқатуға деген талпыныс байқалмайды.

Еркінбек Жауқан, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Электр жарығы жиі сөнуіне байланысты, 1-мәселе «Ақтау» электр желісі басқармасы мекемесінен застройщик техникалық шартын алады. Техникалық шартын алғанда трансформатор көтермей тұрған шығар, қосылу көздерін ауыстыру керек шығар. Мердігер мекеменің өзі атсалысу керек. Мүмкін қазір қосылып тұрған трансформаторлық подстанцияның ячейкаларын ауыстыру керек. Тұрғын-үй құрылысын салушы мекеме «Газаймаққа» барып, техникалық шартты алу үшін тиісті құжаттарын беру керек.

Ал мердігер мекеме өкілі керісінше мәселені мемлекеттік деңгейде шешу керек, дейді.

Қайрат Жакетов, құрылыс мекемесінің өкілі:

- Үйлердің қасбет бөлігі газ құбырына дайын, ішкі газ құбыры да дайын. Енді бізде проблема болып тұрғаны заңнама бойынша 10-қабаттан жоғары ғимаратты газдандыруға рұқсат етілмейді. 10-қабатқа дейін біз газды қосқымыз келді, ал жоғарыға электр энергиясын өткізгіміз келді. Әзірге рұқсат ала алмадық. Біз бұл мәселені өзіміз ғана шеше алмаймыз. Газдандыру мәселесін мемлекеттік деңгейде шешу керек.

Әкімдіктен күдер үзген тұрғындар өз беттерінше әрекет етуге көшкен. Құрылыс мекемесін сотқа беріпті. Енді іс аяқталғанша күте тұруға тура келеді.

Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев