Елімізде аутизммен ауыратын балаларды оқыту орталықтары тапшы 

Ал кейінгі 7 жылда елдегі аутизмге шалдыққан балалар саны 5 есеге артқан. Ата-аналар жәрдемақының да аздығына ашынады, деп хабарлайды Хабар 24.

Айсұлу Маженова 10 жылдан бері ерекше баланың күтімін жасап отырған ана. Ол бауыр еті баласын емдету үшін талай мемлекетті аралап, бармаған жері қалмапты. Тіпті қоғамға бейімдеу үшін арнайы оңалту орталығын да ашқан. Себебі елімізде ерекше жандардың күтімін жасайтын мекемелерге мемлекет тарапынан тегін квота 2-3 айға ғана беріледі екен. Айсұлу  осы мерзім ішінде баланы оқытып, үйрету мүмкін емес дейді.

Айсұлу Маженова, қала тұрғыны:

– Мұндай ерекше балаларды өмір бойы қоғамға бейімдеу керек. Олар үнемі қолдауды қажет етеді. Ал мемлекеттік орталықтар баланы 2-3 айға ғана  қабылдайды. Бұл дұрыс емес. Бейімдеу жұмыстары ұзақ уақыт бойы жүргізілетін орталық құру керек. Мұндай орталықтарға сал ауруына шалдыққан немесе аутист балалар келеді. Ал сен бәріне бірдей қолайлы жағдай жасауың керек. Бұл мүмкін емес. Себебі мұндай науқастар екі түрлі оңалту шарасын талап етеді. 

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елімізде соңғы 7 жылда аутизмге шалдыққан балалар саны күрт артқан.

Мәселен, 2015 жылы 228 бүлдіршіннің бойынан осы дерт анықталды. Ал былтыр бұл тізімге тағы 1 мыңнан астам бала қосылды. Сорақысы сол ресми тіркеуде тұрғандардың жалпы саны 5 мыңға жуықтап отыр. Осы орайда, ата-аналар мүгедек балалар мен олардың күтушілеріне берілетін жәрдемақы дымға жетпейтінін айтады. Ол аздай бала күтіміне төленетін қаржылай қолдау кәмелеттік жасқа толғаннан кейін мүлде алынып тасталады. Бұл мәселеден жауапты министрлік хабардар екен. Ата-аналар жиі шағымданатынын жасырмайды. Бірақ одан әзірге нәтиже шықпапты.

Әнел Шенеева, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы:

– Бізде 7-ден 18 жасқа дейінгі балалар мүгедектігі бойынша 3 топқа бөлінеді. Сәйкесінше олардың жататын топтарына қарай мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы беріледі. Оның көлемі 50 мыңнан бастап 69 мың теңгеге дейінгі аралықта. Сонымен қатар, мүгедек балалардың ата-анасы немесе қамқоршысына жәрдемақы төленеді. Қазір оның көлемі 50426 теңге.

Бұған қоса, елордада дефектолог мамандар аз. Себебі, бас қалада оларды дайындайтын арнайы оқу орындары жоқ екен. Әрі сала мамандарының айлығы шайлығына жетпейді.

Ажар Мұратова, мұғалім-логопед:

– Жас маман ретінде мен 2014 жылдан бастап жұмыс жасай бастадым. Толық ставкада 28 мың теңге алатынмын. Ал 2015-те Еңбек кодексінде өзгерістер болды. Арнайы педагогикаға басқалай қарай бастады, бухгалтерия сол кезде 56 мың теңге болды. Сол 3 жылдың ішінде айлық өспеді. Тек қаңтарда ғана қосылып тұрады. Біржылдық өтілімге қосылады пайыздық мөлшер.

Аутист балалардың ата-аналарының бар қалауы оларды қоғамға бейімдеп оқытатын орталықтардың елімізде көптеп ашылғаны. Әрі мұндай мекемелер әрбір ерекше балаға қолжетімді болса екен деген тілегі бар.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Жандос Битабар