Кадет сыныбына қаржы мәселесі қолбайлау болып тұр

Кадет сыныбына қаржы мәселесі қолбайлау болып тұр

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының Айнабұлақ ауылында елдің нағыз патриоттары тәрбиеленіп жатыр. Алты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жас кадеттер сыныбында қазір елуден астам оқушы әскери дайындық бойынша білім алады. Алайда қаржы қиындығы білім ордасының жұмысын өрге бастырмай отыр. 

Мұндай саптық әндер күн сайын әр қабатта шырқалады. Оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу – білім ордасының басты мақсаты. Осыдан төрт жыл бұрын кадеттер қатарына қабылданған Ақерке Төлеева қазір 8-сыныпта оқып жүр. «Елім» деген жас болашағын әскери қызметпен байланыстыруды армандайды.

Ақерке Төлеуова, оқушы:

– Кадет қатарында оқу – мен үшін үлкен мәртебе. Себебі біз бұл жерде оқумен ғана шектелмейміз. Сабақ оқып болған соң спортпен шұғылданып, әскери өмірдің қыр-сырына бейімделеміз. Отанды шексіз сүюге, адал болып, барлық жағдайға дайын болуды кадет қатарында оқып, тәрбиеленіп жатырмыз.

Кадет сыныбындағы оқушылардың таңы әдеттегідей сабақ оқудан басталады. Ал түстен кейін жас сарбаздар әскери қабілеттерін шыңдап, түрлі дене шынықтыру жаттығуларын жасайды.

Әділет Өскенбаев, тәрбиеші-ұйымдастырушы:

– Дене дайындығы, әскери тактикаларды үйретеміз. Отансүйгіштік тәрбие мақсатында көп жұмыстар жүргіземіз. Басқа оқушыларға қарағанда жас сарбаздар әскери өмірге және тәртіпке өте бейімделген. Болашақта үлкен қызметкер болатын және әмскерге барып жатқан жағдайда да өзінің төзімді екенін, өз Отанының азаматы екенін көрсете алатын ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз деп үміттенеміз.

Білім ордасында оқитын 54 оқушы аудандық және облыстық байлаулардан жүлделі оралып жүр. Ата-аналары олардың жетістігіне қуанышты. Бірақ жас кадеттер сыныбы қазір жабылудың аз-ақ алдында тұр. Үш жыл бұрын оқу орнының басшылығы жаңадан оқушылар қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болыпты.  

Сәуле Зайнуллина, мектеп директоры:

– 2016 жылы кадет сыныбына қабылдаған кезде 11 сыныпқа дейін кадет сыныптарынан взвод қалыптастырамыз деген мақсат болды. Соңғы үш жылда кадет сыныбына оқушыларды қабылдаған жоқпыз. Кадет сыныптарын қабылдау қаржыға кеп тіреледі. Қаржы мәселесіне байланысты бізге қабылдауға рұқсат бермейді.

Жас сарбаздарды білікті мамандар мен әскери дайындық жетекшісі тәрбиелейді. Егер қаржы мәселесі реттелмесе, жас сарбаздарды дайындау аяқсыз қалмақ. Ал ата-аналар отансүйгіштік пен темірдей тәртіпке тәрбиелейтін мұндай оқу ордасының болғанын қалайды.

Асланбек Шығыр, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов