Өскеменде қатерлі дертке шалдыққандар саны артқан

Өскеменде қатерлі дертке шалдыққандар саны артқан

Өскеменде дәрігерлер аязға қарамай ашық есік күнін өткізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кез келген тұрғын онкологиялық орталыққа келіп, кеңес алуына болады. Жолдама міндетті емес.

Аймақта қатерлі ісікке шалдыққандар қатары көбейген. Бірақ өлім көрсеткіші едәуір азайды. Мамандар кеселге созылмалы аурулар немесе салауатты өмір салтын ұстанбау, әрі-беріден соң экология да әсер ететінін айтады. Дәл осы экологияға келгенде табиғаты көркем Өскемен де мақтана алмайды. Қазірдің өзінде қолайсыз метеорологиялық жағдай жарияланғанына 10 күннен асып кеткен.

Айгүл Игілікова – алты баланың анасы. Уақыты тығыз болса да жыл сайын толық тексерістен өтіп тұрады. Өйткені аурудың емін іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген дұрыс деп санайды. Оның үстіне талай құрбыларының денсаулыққа салғырт қарауы салдарынан өмірден ерте өткеніне куә болды.

Айгүл Игілікова, қала тұрғыны:

- Жыл сайын осы жерге келіп өз еркіммен тексеріліп тұрамын. Денсаулығыма қатты алаңдаймын, денсаулығым өзіме, балаларыма керек. Көп балалы анамын, балаларым ұсақ. Жастайынан аурулары анықталмай, осы дерттен кетіп жатқандар да бар.

Шығыс өңірі ежелден онкологиялық аурулар бойынша тізім басынан түспей келе жатқаны рас. Жыл сайын ел бойынша осы аурумен 30 мың адам тіркелсе, облыста 5 мыңға жуық адам тіркеледі. Осылайша дәл қазір аймақта қатерлі ісік диагнозымен тіркелгендер саны жалпы 21 мыңнан асты. Неге бұл ауру дендеп алған деген сұраққа дәрігерлер түрлі факторды атады.

Әлібек Баймұсанов, онкологиялық бөлім меңгерушісі:

- Уақытында анықталып жатыр дегенді білдіреді. Шығуына себеп мультифактор. Бір арнайы себеп болмайды, себептер ішіне келетін болсақ, ұзақ созылмалы сырқаттар, екіншіден жаман әдеттер, тамақтану, төртінші себеп экологияға да сәйкес келеді.

Тіркелгендер артып тұрғанмен, өлім саны азайған. Бұл бүгінгі медицина жетістігі дейді мамандар. Онкологиялық орталық ең заманауи құралдармен жабдықталған. Тек өткен жылы ғана соңғы үлгідегі сәулеллік терапияны жеделдету желісі қойылды.

Дегенмен Өскемендегі сарапшылар ең алдымен экологияға мән беру керек деп санайды. Мәселен, бүгінде шаһарда қолайсыз метео жағдай жарияланғанына он күнен асып кетті. Бұл ауа құрамында күкіртсутек пен күкірт диоксиді сынды зиянды қалдықтар артып тұр деген сөз. Бірақ біздің елдегі есеп өзгелерден өзгеше.

Дәулет Асанов, эколог зерттеуші:

- Күнделікті кейбір ластанған заттар бойынша ДДСҰ стандарттарынан артық, себебі Қазақсанның стандарттары ДДСҰ стандарттарынан әлдеқайда төмен. Жыл сайын жазылып, айтылып жүр, бірақ біздің денсаулық сақтау министрілігі оны өзгертуге бет бұрмай отыр.

Сонымен қатар өндірісті қаладағы адамдардың қан құрамында металл шөгіндісінің көп екенін дәлелдеген зерттеулер де көп. Бірақ бұл нәттижелер тиімді қолданылмай келеді дейді эколог сарапшы. Өскемендіктер де аурудың асқынып тұрғанын әсіресе экологияның нашарлығынан көреді.

Сондықтан сарапшылар зиянды қалдықтар мөлшерін есептеуді қайта қарастырған жөн деп санайды. Ал мамандар болса жыл сайын тексеруден өтіп, қатерлі ісіктің алдын алуға кеңес береді.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов