Павлодарда республикалық құсбегілердің жарысы өтуде

Павлодарда республикалық құсбегілердің жарысы өтуде

Павлодарда алғаш рет республикалық құсбегілердің жарысы өтіп жатыр. Оған республиканың 12 өңірінен 100-ге жуық жас құсбегі жиналды.

Жарысты ұйымдастырушы Қайырбаев атындағы спорттың ұлттық және халықтық түрлері бойынша спорт клубының директоры Дархан Жоламанов облысымызда құсбегілердің республикалық жарысы алғаш рет өтіп тұрғанын атап өтті.

- Бүгін құсбегіліктен жастар арасындағы ҚР XIV чемпионаты басталды. Биыл сәтті өтсе, келесі жылы да осындай көлемде жарыстар өткізбекпіз. 12 облыстан 100-ге жуық құсбегі қатысуда. Жарысқа аңшылықтың бүркіт, сұңқар, қаршыға құстары қатысуда. Әр құс бойынша жеке жарыстар өтеді, - деді Дархан Жоламанов.

Алғашқы болып чемпионатты бүркіттер арасындағы жарыс бастады. Еліміздің 20 бүркітінің арасынан мықтысы анықталмақ. Бүркіттер жарысы 4 кезеңнен тұрады: қолға шақыру, еркін ұшыру, шырға тарту, аңға (қоян) салу.

Жергілікті құсбегі Баянауылдан келген 18 жастағы Қыдыр Батан жарысқа 1 жасар балапан бүркітін баптап әкелген. Әкесінің жолын қуған соң інісі де өз құсымен жарысқа қатысуда.

- Бүркіт баптауды әкемнен үйрендім. Ағам құсбегіліктен еліміздің спорт шебері. Бүгінгі бүркітімді Баянауылда табиғатта ұстап алғанбыз. Бұған дейін баптаған бүркітім Аягөз қаласында спорт шеберлігін орындаған. Ол кезде менің жасым толмағандықтан жарысқа өзім қатыса алмай, бүркітіммен әкемнің шәкірті қатысты. Ол бүркітті табиғатқа жібердік. Кейін 2018 жылы елордада өткен жарыста өзім қатысып, 2-орын еншіледім. Жалпы, жарысқа бүркітті 1-1,5 ай баптаймыз. Күн сайын ұшырып отыру керек. Көңіл-күйіне байланысты бір күн ұшса, бір күн ұшпай қалады, - деді Қыдыр Батан.

Қыдыр Батанның айтуынша, аязды күні жарысқа шығарғанда бүркіттердің аяғы тоңып, қиынға түседі.

- Тауда ұшып жүрген бүркіттерге қиын емес. Күйі төмен бүркіттерге суық ауа райы қиын болады. Жалпы, аңға саларда бүркіттің күйін жоғары ұстау керек. Өйткені аңға түсерде оған күш керек. Ал, жарыстарда күйін түсіріп, баптап ұстау маңызды. Сондай-ақ құстың көңіл-күйі болмаса ұшпай қоюы мүмкін. Ондайда тыныштандырып, отырғызып қоямыз. Менің бүркітім – мінезді бүркіт. Бірдеңе ұнамай қалса ашулана кетеді. Көңіл-күйі болмаса аң іздеп басқа жаққа ұшып кетеді, - деді Қыдыр Батан.

Чемпионатқа қатысушы ең жас құсбегілердің бірі – Алматы облысының Еңбекші қазақ ауданынан келген 14 жасар Асқарбек Лиман.

- Жарысқа 5 жастағы ұябасар «Дәуір» атты бүркітімді қосып отырмын. Құсбегілікпен айналысып бастағаныма 1 жылдай болып қалды. Аңға шығып, қоян, түлкі алып жүрміз. «Дәуір» өзіндік мінезі бар бүркіт. Көбінде тыныш. Бүркітім бабында. Баптау үшін бүркітті жақсы көріп, ет беру керек. Кейбір ренжитін бүркіттер де болады. Бүркітім күніне 1 келідей ет жейді, - дейді Асқарбек Лиман.

Айта кетейік, екі күнге жалғасқан бұл чемпионатта жеңімпаз атанған құсбегіге «ҚР Спорт шебері» атағы беріледі.