Шымкентте мүгедек жанның 10 жыл күтіп қолы жеткен үйі пандуссыз болып шықты

Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен жаңа баспанаға қол жеткізген І-топтағы мүгедектің қуанышы су сепкендей басылды. Салтанат Есбосынова 10 жыл кезек күтіп алған пәтеріне кіре алмай жүр. Себебі үйге көтерілетін пандус жоқ.

Есіктің тарлығы да арбаға таңылған жанды әбден әбігерге салыпты. Мүмкіндігі шектеулі жанның мәселесі қалай шешілмек? 

Салтанат Есбосынова "мемлекеттік бағдарлама арқылы берілген бір бөлмелі пәтердің бас ауруына айналарын білмедім" деп отыр. Себебі тұрғын үйді салған мердігер компания мүмкіндігі шектеулі жандарға мүлде жағдай жасамаған. Салдарынан арбаға таңылған Салтанаттың бірінші қабатқа көтерілуіне екі адам көмектесуі керек. Одан бөлек бөлме есіктерінің ені есепке алынбағандықтан әрлі-берлі жүріп тұру да қиын. Қоларбасы сыймайды.

Салтанат Есбосынова, қала тұрғыны:

- Егер мен бір өзім келетін болсам мүмкін емес кіру. Бірінші қабатта лестница бар екен. Кіргеннен табалдырықта бордюрлер бар, комнаталарды көрдік. Балконына кіре алмайды екенмін. Есігі тар. Сосын бірінші кезекте ванна, туалетін көрдім. Оның іші мүлде тар екен. Кіре алмайсың. Енді не істеймін мен ол үйге кіре алмасам, өз еркіммен жүре алмасам.

Тұран-2 шағын ауданынан бой көтерген жаңа тұрғын үйлер мемлекеттік бағдарлама арқылы сатып алу құқығынсыз кезек күткен ағайынға үлестірілді. Сондай-ақ ипотекалық несиеге рәсімдеп, пәтерге қолы жеткендер қоныс тойын тойлап жатыр. Бірақ көп қабатты үйде Салтанаттан өзге мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар екен. Сондықтан бұл мәселені дер кезінде шешу үшін арнайы комиссия құрылды.

Жұлдыз Ордабекова, қалалық тұрғын үй басқармасының тұрғын үйді есепке алу және бөлу бөлімінің басшысы:

- Ол жерде сол мән-жайлар анықталғандықтан басқармаға тапсырма түсті. Аталған азаматша Салтанат Есбосынованың мәселесін заңды негізде және оңды түрде шешу жолдарын қарастыруда. Қазір екі жақты қарап жатыр. Мердігерлермен де және басқа пәтер беру жолдарын да қарастырып жатырмыз.

Шымкентте мүгедек жандардың құқығын қорғап, ыңғайлы орта қалыптастыру үшін қоғамдық бірлестік құрылған. Мамандар мердігер мекеменің атүсті атқарған тірлігіне көз жұма қарауға болмайды дейді. Дереу тапсырыс берушінің талабын ескеріп, стандарттық нормаға сай қайта жөндеуден өткізу керектігін айтады. 

Владимир Торопов, қалалық "Мүгедектер қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Біз әрдайым бақылау жүргізіп отырамыз. Қалай болғанда да кез келген мердігер компанияның өкілдері стандарттық талаптарды сақтауы керек. Әйтпегенде тапсырыс беруші мекеме талап-арыз тәртібін қарайды.

Салтанат Есбосынова тұрғын үйді көп ұзамай түзетіп беретіндігіне үміттеніп отыр. Ал әкімдікке қарасты жауапты басқарма мамандары қиындықтың қашан шешілетіндігін нақты айтып бере алмады.