Талдықорғанда үлескерлер мемлекет басшысынан көмек сұрап отыр

2020 жылы өз үйлеріне қоныстануы керек болған талдықорғандық үлескерлер әлі күнге дейін тиісті пәтерін ала алмай жүр. Өйткені «СурМак» серіктестігі тұрғын үй құрылысын бітірмей, жиған-терген ақшасын аударып сенім артқандарды сергелдеңге салып келеді. Айта кетейік, аталған компания осымен облыс орталығындағы екінші үйдің құрылысын мерзімінен кешіктіріп тұрғындарды әбігерге салды.

Құрылыстың аяқталуын асыға күтіп жүрген Дамир Бекбергенов екі жыл бұрын баспаналы болуы керек еді. Екі пәтердің құнын толықтай төлеп тастаған ол күні бүгінге дейін өзіне тиесілі үйге кіре алмай жүр.

Дамир Бекбергенов, қала тұрғыны:

- Елден алған ақшаны қайтара алмай жүрмін. Өзімнің ақшам болған бәрін салдым. Енді қайда барарымды білмеймін, квартирада жүрмін. Звондасақ не телефонын алмайды. Ешқандай нәтиже жоқ.

Дамир Бекбергенов сияқты тұрғын үй құрылысына ақшасын аударғандар аз емес. Олардың барлығы серіктестікпен келісім-шарт жасасқан.

Юлиана Муртазалиева, қала тұрғыны:

- Үлескерлерді іздегенде жиырмадан аса адамның бар екені анықталды. Бірақ олар үлескер емес. Себебі серіктестіктің үлескерлерді тартуға заң бойынша рұқсаты болмаған. Құрылыс саласындағыларға жазылған шағымнан кейін тексеріліп, компанияға айыппұл салынды. Одан басқа олардың тарапынан ешқандай жұмыс атқарылған жоқ. Ал нысан үш-төрт жылдан бері тұр.

Жиналғандардың айтуынша, серіктестік сатылып басшылық құрамы ауысып кеткен. Олар үлескерлердің сұрауына Талдықорғанда құрылыс нысанымыз жоқ деп жауап берген. Ал әкімдіктегілер даулы мәселе азаматтар мен жеке компания арасында болғандықтан оған араласа алмаймыз деп отыр.

Дәркен Нуржанов, қала әкімінің орынбасары:

- Жаңа жылға дейін бірнеше рет кездестік ол адамдармен. Акиматта да прокуратурада кездестік ол кісілермен. Сотқа дейінгі алдын-ала жүргізді УВД. Азаматтық құқықтық қатынастар деп танылды. Істі прокуратура қарады. Және де ия азаматтық құқықтық қатынастарға жатады деп қабылданған шешіммен келісіп, тұрғындарды жинастырып, сотқа жүгіну керек деп айтылған. Бұл мәселенің шешімі сот жүзінде ғана іске асады. 

Үлескерлердің бірі аталған серіктестікпен соттасқан. Бірақ одан айтарлықтай нәтиже болмай тұр. Құрылыс жұмыстары да жалғасқан жоқ. Төрт жылда көп қабатты үйдің бірінші қабатының қабырғасы қаланып, екіншісінің бағаналары ғана тұрғызылған. Басталған іс аяқталмай, баспанасыз қаламыз ба деп алаңдаған тұрғындар мемлекет басшысынан көмек сұрап отыр.

- Президентімізге обращаться етеміз, Қасым Жомарт Тоқаевқа!

Айналайын, қашанғы жылап жүреміз осы уақытқа дейін. Көмек көрсетіңіздер бізге. Мынаның мәселесін шешіп беріңіздер бізге. Бізге квартира керек.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов