Қостанай облысында элеваторлар жаңғыртылып жатыр

Қостанай облысында ескі элеватор жабдықтарын жөндеу және жаңасын шығару мәселесі түбегейлі шешілді. Аймақтағы нан қабылдау пунктерінде астық сақтайтын толыққанды жабдықтар зауыты жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл кәсіпорын дамудың жаңа деңгейіне шығып, Қазақстанда алғаш рет силос өндірісінің желісін іске қосты. Металлдан жасалатын сыйымдылық дәнді-дақылдарды сақтау мақсатында пайдаланылады.

Солтүстік Қазақстан облысындағы бұл элеватор 60 жыл бұрын салынды. Сыйымдылығы 140 мың тоннаға жуық. Оның бір астық кептіргіші майлы дақылдар үшін жабдықталып, отандық жаңа силос орнатылды.

Владимир Кухарчук, №2 нан қабылдау пунктінің бас механигі:

– Шетелдік компаниялардың қосалқы бөлшектері, әрі қызмет көрсетуі қымбат. Сол себепті өз өндірушілерімізбен тығыз қарым-қатынаста болуды қаладық. Олар бізге ұзақ мерзімді кепілдік береді.

Мынау – жарты миллион тонна астық сақтайтын еліміздегі жетекші элеваторлардың бірі. Тың игеру жылдары тұрғызылды. Жиі істен шығатын. Қазір жөндеу мәселесі шешімін тапқан.

Владимир Чугунников, «Олжа Сарыкөл» ЖШС бас инженері:

– Бұйымдарға тапсырыс бергенде уақытылы жасайды. Биыл нориге арналған жартылай муфтаны жөндегенбіз. Оған арнайы тапсырыс жолдадық. Тез арада жеткізіп, сызбаға сәйкес орнатып берді.

Конструкторлық бюрода кез келген күрделі тапсырыстар орындалады. Осы қызметті элеватор жабдықтары зауыты алты жыл бойы ұсынады.

Дәулет Утенов, «Астық» элеватор жабдықтары зауыты» ЖШС инженер-конструкторы:

– Егер бір бұйым өндірісте шығарылмаса немесе оны жетілдіру қажет болса, клиенттеріміз бізге жүгінеді. Біз шұғыл әрі сапалы түрде бәрін орындай аламыз.

Зауытта толыққанды өндіріс. Яғни ұсақ бұйымдардан астық тазалығыш жабдықтарға дейін шығарады. Жаңа желіде силос құтылары жасалады. Олар бұрынғы бетонды элеваторлардың орнын басқан.

Жұмаш Бекмырза, «Астық» элеватор жабдықтары зауыты» ЖШС директоры:

– Қазақстанда силос құтыларын біз ғана шығарамыз. Өзімізге тән климаттық жағдайды, соның ішінде жел мен қардың күшін ескере отырып, металл сыйымдылығы өндірісін қолға алдық.

Зауыт жылда сыйымдылығы 50 мың тоннаға жететін силос құтыларын шығарады. Өнім еліміздің кез келген нүктесіне жеткізіледі. Болашақта шетелдіктермен әріптестік орнатылмақ.

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров