«Аманат» комиссиясы 85 адамды тергеу изоляторынан босатты

inform.kz

«Аманат» комиссиясы 85 адамның тергеу изоляторынан босап шығуына көмектесті. Бұл туралы «Аманат» комиссиясының төрағасы Абзал Құспан мәлім етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Аманат» комиссиясы менің бастамаммен 22 қаңтарда құрылған еді. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринмен кездесіп, Бас прокуратурамен бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдық. Комиссияның өзгелерден айырмашылығы ретінде біз екі өкілеттік ие болғанымызды айта аламыз. Бірі – тергеу изоляторларына кіріп, олардың жатқан жағдайын тексеру. Екіншісі – азаматтарға қылмыстық іс материалдармен танысу»,– деді Абзал Құспан БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында.

Оның айтуынша, комиссия еліміздің 6 өңірінде жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде Алматыда 68 адам, Алматы облысында 9 адам, Шымкентте 8 адамды қамауда ұстау, бұлтартпау шарасы өзгертіліп, олар ботандыққа шықты. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласында 24 адам, Шымкентте тағы 5 адам босатылмақ.

Абзал Құспан, «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы:

– ШҚО, Семей, Өскемен бойынша 24 адамды, Шымкент қаласы бойынша тағы  5 адам босатылады деп күтілуде. Осы атқарылған жұмыстарымыз, қызметіміз,  республика көлемінде қаңтар оқиғасына қатысты картинаны білуге мүмкіндік тудырды. Сол себепті біз ендігі жерде жұмысымызды әрбір өңірге барып, әрбір адаммен кездесіп, әрбір материалды зерттеп, бұл өте көп уақытты алады. Бұлай істемей, керісінше, осы жұмысымызды жүйелеп,  орталық бас прокуратура арқылы Президент әкімшілігі арқылы жұмыс жасауға көшуге қажет деп есептедік.

Сондай-ақ комиссия төрағасы күдіктілерді азаптау оқиғаларына қатысты пікірді білдірді.  Абзал Құспанның сөзінше, ұрып-соғу жайттары көбіне ұстау кезінде болған. Дегенмен заң бойынша «ешкімнің де қорлық көрсетуге құқы жоқ» дейді ол. Қазір Талдықорған қаласында дәл осындай бассыздыққа барған полиция қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Заңгерлер әзірге мұндай 50-ге жуық дерек тіркелгенін айтты.