Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл

Биыл аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл. Айтулы датаға орай Алматыда халықаралық конференция ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиынға қатысушылар Дінмұхамед Қонаевтың өмірі мен мемлекеттік қызметі, оның республикамыздың әлеуметтік-экономикалық, ғылыми әлеуетін дамытуға қосқан үлесі, саяси және құқықтық көзқарастары туралы естелік айтты.

«Димаш Ахметұлының табандылығы арқасында Маңғышлақ одақ басшылығының талабына қарамастан Түркіменстанға берілген жоқ», – деді Металлургия және кен байыту ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері Мәдәлі Найманбаев.

Алматының көркіне айналған іргелі құрылыстар Дінмұхамед Қонаев есімімен тікелей байланысты. Аралас форматта өткен жиынға елімізден және алыс-жақын шет елден 120-ға жуық ғалым, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Советхан Нұрпейісов, Д.Қонаевтың замандасы:

– Тың жерлерді игеруге көп машина керек, аккумулятор жетпейді ол кезде. Осының бәрі Димекеңнің арқасы ғой. Жасыратын несі бар, орталық комитет Қазақстанда салғысы келмеген. Димекең сұрап алған ғой. Бізге керек, маман табыңдар деген ғой. Сол кезде 33-тен 34-ке шыққан жасымда Талдықорған қаласына барып, 5 жыл бойы сол үлкен құрылысты салып шықтым. Ол дегеніңіз үлкен завод. Содан кейін Қазақстанда аккумулятор деген мәселе шешілді ғой.