Сарапшылар: Қаңтар қырғыны – терроризмнің айқын көрінісі

Бүкіл елді есеңгірткен қасіретті қаңтар оқиғасы – терроризмнің айқын көрінісі. Шетелдік сарапшылар осылай деп баға берді. Экстремизммен күрес мәселесін егжей-тегжейлі талқылау үшін олар елордаға арнайы келді. Жыл басындағы қайғылы оқиға жөнінде тың мәліметтермен бөлісті. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринмен кездесіп, пікірлерін ортаға салды.

Лаңкестер күтпеген уақытта соққы береді. Олар халықтың қорғансыздығын ұтымды пайдаланады. Осылай деген халықаралық сарапшылар қасіретті қаңтар оқиғасына  қатысты тың деректермен бөлісті. Мәселен, Иорданияның тәуелсіз-медиа продюсері Нихад Джарири джихадшылардың бірімен тілдесіпті. Қандықол лаңкес қаншама жанның өмірін қиған қазақ жеріндегі қырғынға қуанғанын жасырмапты.

Нихад Джарири, тәуелсіз медиа-продюсер:

– Джихадшылар ғаламтор желілерінде қатты қуанды. Олар осы жағдайдан кейін сіздердің елдеріңізге келіп, өз орталықтарын жасақтағысы келген. Тамаша мүмкіндік туды деп сенген. Себебі, олар Ауғанстанда билікке тәліптер келгеннен кейін өз ықпалынан айырылып қалды. Біз тілдескен бір джихадшы бір мемлекетте үрей тудыру үшін 3 мың адамның өзі жеткілікті екенін айтты. 

Халықаралық сарапшылар дүйім жұртты дүрсілкіндірген қаңтар қырғынын бірауыздан терроризмнің көрінісі, деді. Бұл лаңкестік шабуылдарды жіті зерттеп жүрген мамандардың пікірі.

Зенн Джэйкоб, Джорджтаун университетінің профессоры:

– Біз Қазақстандағы қайғылы жағдайды террорлық шабуыл ретінде қарастырамыз. Себебі онда шамадан тыс зорлық-зомбылық көрсетілген. Адамдар өлтіріліп, қару-жарақ қолданылды. Ал «терроризмді» біз зорлық-зомбылықтың деңгейіне қарап анықтаймыз. Қазақстанда көптеген ұйымдасқан қарулы топтар әрекет етті. Көптеген адамдардың өліміне куә болдық. Полиция департаментіне шабуыл жасалды.

Ал Мемлекеттік хатшы жыл басындағы қайғылы жағдайды гибридті террорлық шабуыл деп атады.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

– Мен бұл оқиғаны гибридті терроризм деп атадым. Себебі бұл жерде лаңкестік әрекеттердің түрлі бағыттағы көрінісін байқадық. Қылмыс пен ақпараттық шабуыл, жаппай тәртіпсіздіктің куәсі болдық. Өкінішке қарай, қаруланған адамдар көп болды. Бұл оқиға 2016 жылы Ақтөбеде болған террактімен өте ұқсас. Ол кезде 25 адам лаңкестік шабуыл жасады. Олар алдымен қару-жарақ дүкенін басып алды. Содан соң әскери бөлімшеге тап берді. Кейіннен бірнеше топтарға бөлініп, 3 күн бойы қалаға қауіп төндірді.

Терроризм бүгінде тұтастай әлемге қауіп төндіріп тұр. Былтыр 46 мемлекет оның зардабын тартты. Жер шары бойынша 450 террорлық шабуыл жасалды. Өкінішке қарай, 4 мыңнан астам адам құрбан болды. Сондықтан бүкіл әлем болып онымен күресті мықтап қолға алу қажет, дейді сарапшылар.

Назерке Әбдірахманқызы, Ерлан Наурызбаев