Батыс қазақстандықтар дизель отынының бағасына наразы

Батыс Қазақстан облысында тұрғындар дизель отынының бағасына наразы. Энергетика министрінің бұйрығымен, Ресеймен шекаралас облыстарда оның әр литрі 260 теңге болып бекітілген еді. Өзге өңірлерде жанар-жағар май құны 230 теңгеден аспауы тиіс болатын. Бірақ бұл шешім көптің көңілінен шықпай отыр. Өңірдегі әріптесім тараптардың пікірін тыңдап қайтты.

Дизель отыны бағасының қымбаттығы, бірінші кезекте, ауыр жүк көліктеріне байқалады. Өйткені мыңдаған шақырым жол жүреді, осыншама тонна жанармай тұтынады. Ал отын бағасының қымбаттығы олар тасымалдайтын азық-түлік пен құрылыс тауарларының бағасына тікелей әсер етеді. 

Айтбек Толымбеков, жүргізуші:

– Шымкентте, Алматыда баға 230, Атырауда 230. Ал Ақтөбе мен Оралда 260. Неге олай екенін білмеймін. Өте қымбат. Дизель отыны бар, беріп жатыр, бірақ өте қымбат.

Алексей Капустин, жүргізуші:

– 260 деген баға өте қымбат. Біз әр түрлі тауарлар тасимыз. Жанармай қымбат болған соң біз жеткізетін азық-түлік пен құрылыс тауарларының бағасына да әсер етеді. Газ бағасын түсірді ғой, жағар майдың да арзан болғанын қалаймыз. 

Өңірде сатылатын дизельді отын көлемі бірнеше есеге төмендеп кеткен. Оның басты себебі бағамен байланысты. Қазір жағар майдың литрі 330 теңгеден бір-ақ шықты. Ал маусымаралық дизельді отын 260 теңгеден сатылып жатыр. Қымбатшылық өңір кәсіпкерлерін де тығырыққа тірейді.

Берік Сыдықов, кәсіпкер:

– Мен жүк тасымалымен айналысамын. Жанармай қымбаттауы тасымал құнының өсуіне әкеледі. Әрі біз дизельді отын бағасы арзан көрші өңірлердің кәсіпкерлерімен бәсекелесе алмаймыз. Сондықтан тұрғындар зардап шекпейтіндей проблеманы шешудің басқа жолын қарастыру  керек.

Тұрарбек Тілемісов, облыстық мәслихат депутаты:

– Заң бойынша біз бәріміз бірдейміз. Бүкіл халықтың бәрі бірдей. Неге бағаларымыз 30 теңгеге қымбат. Шалғай аудандарға жол салып жатыр. Мына жерден 500 шақырым жердегі Жәнібек, Ордаға жүкті апаруға 3 млрд ақша қосылып тұр. Одан басқа автобуспен кісі тасып жатқандарға 500 млн қосылып тұр жылына.

Дизельді отынды министрлік белгілеген шекті бағадан түсіріп сатуға еш тиым жоқ. Сарапшылар пайымынша, бағаның бұлай қалыптасуына жанармай нарығындағылар да мүдделі. Ұсақ кәсіпкерлер дизельді отынды делдалдар арқылы  қымбатқа аламыз дейді. Дегенмен, өнімді Атырау зауытынан тікелей жеткізушілер бағаны не себепті түсірмей отыр? Бұл сұрақ әзірге басы ашық күйінде қалып отыр.

Тілек Нақпаев, жанармай құю бекеттері желісінің өкілі:

– Бізге бағаны орталықтан аппарат қойды. Біз өзіміз сол бағаны ұстап отырған жоқпыз. Министрлік шекті бағаны қойған соң, біз сол бағамен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл министрдің бұйрығы. Біз ештеңе бұзып отырған жоқпыз.

Әзірге тараптар бағаны арзандату жолдарын қарастырып жатыр. Мәселен, жанармайды жергілікті кәсіпорындарға арзанға талонмен беру, жанармай сатумен айналысатын кәсіпкерлердің мұнай өңдеу зауыттарымен тікелей келісіміне жағдай жасау. Ал жылына 200 тоннадай бензин, сонша көлемде жағар май шығара алатын Ақсайдағы мұнай өңдеу кешені шикізат тапшылығынан тұралап тұр.

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов