Қазақстанда жаңа Су кодексінің тұжырымдамасы әзірленіп жатыр – С.Брекешев

Қазақстанда жаңа Су кодексінің тұжырымдамасы әзірленіп жатыр – С.Брекешев
primeminister.kz

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар талқыланды.

Бұл шаралардың Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде қалай іске асырылып жатқаны туралы ведомство басшысы Серікқали Брекешев баяндады. ЭГТРМ басшысы, бірінші кезекте, кәдеге жарату алымы мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды primeminister.kz.

«Кәдеге жарату алымын әкімшілендіру және тиісті қаражатқа иелік ету функциялары мемлекеттің 100% проценттік үлесі бар министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымы «Жасыл даму» акционерлік қоғамына берілді. Оның директорлар құрамы бекітілді. Айта кету керек, директорлар құрамына қоғам өкілдері кірді. Сондай-ақ күн сайын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында кәдеге жарату алымының мөлшерлемесін қайта қарау мәселесі бойынша қоғамдастықтың, бизнестің және мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс тобының отырыстары өткізілді», – деді С.Брекешев.

Серікқали Брекешев қазіргі таңда кабельді-өткізгіш өнімдерге кәдеге жарату алымын алуды 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтата тұру шешімі қабылданғанын еске салды. Мөлшерлемелерді қайта қарау жұмысы Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, осы айдың соңына дейін аяқталады. Жаңа Су кодексін әзірлеу мақсатында министрлікпен реттеушілік саясаттың консультативтік құжаты дайындалды. Ол бойынша қоғамдық талқылау басталды. 

«Сарапшылардың қатысуымен тиісті жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ жаңа Су кодексінің тұжырымдамасын әзірлеуге кірістік», – деді экология министрі. 

Жаңа Су кодексінің негізгі бағыттары мынадай:

Бірінші. Елдің су-ресурстық әлеуетін сақтау.

Екінші. Су пайдаланушыларды су үнемдеу технологияларын пайдалануға ынталандыратын тетіктерді айқындау.

Үшінші. Су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуды қолдау үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдануды ынталандыратын тариф белгілеу моделін құру.

Төртінші. Қазақстанның су ресурстары әлеуетін есепке алу және болжау, мониторингілеуді цифрландыру, сондай-ақ су ресурстарын басқарудағы ғылымның рөлін арттыру.

Бесінші. Ұлттық заңнаманы халықаралық құқық қағидаттарымен үйлестіру.

Жаңа Су кодексінің жобасын Парламент Мәжілісіне келесі жылдың желтоқсан айында енгізу жоспарланып отыр.