Маңғыстау өңіріне қоқиқаздар ұшып келді

Биыл қоқиқаздардың ерте ұшып келуін экологтар мұны ауа-райының жылуымен байланыстырып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экзотикалық құстар шаһар маңындағы «Қаракөл» аумағына аялдады. Олар Ақмола облысындағы «Теңіз» және «Қорғалжын» көлдерінен ұшып келген. Жалпы Маңғыстаудағы «Қаракөл» қоқиқаздардың мекеніне айналған. Көктем мен күзде әдемі құстың келуі әдепкі көрініс. Жыл сайын Ақтауға қызыл түстес, ірі денелі қанаттының 10 мыңға жуығы аялдап, күш жинайды екен. Ал оның жүзге жуығы қорықта қыстап шығады. Сондықтан да бұл жер табиғат қорғау инспекторларының жіті бақылауында.

Кирилл Осин, эколог:

– Міне, үш жылдан бері қоқиқаздар ерте ұшып келеді. Мұны климаттық өзгерістермен, күннің ерте жылуымен байланыстырамын. Онда шамамен 70-80 құс бар. Қалғандары енді ұшып келеді. Былтыр 1 мыңға жуығы келген еді. Бұл жерден кейін олар Түркіменстан мен Иранға ұшып кетеді.