Туристік аймақта туризм басқармасы жабылды

Туристік аймақта туризм басқармасы жабылды

Ақмола облысында туризм басқармасы жабылып, кәсіпкерлік басқармасына бөлім болып қосылды. Бұрын бөлек мекеме болған Бурабай аудандық туризм бөлімі де басқа органның қарамағына өтті.  Өзге аудандарда да осындай жағдай. Туристік әлеуеті зор аймақ, мұндай қадамға не үшін барды? Онсыз да дамуы сылбыр саланың жұмысы тұралап қалмай ма?

Ақмола облысындағы Зеренді ауданының туристік тартымдылығы зор. Қазір мұнда 30-дан астам қонақ үй мен демалыс орны бар. Көрікті мекенге жыл сайын 300 мыңға жуық турист келеді. Осындай әлеуетті аймақта туризмге жауапты тек бір ғана маман қарастырылған. Алайда ол орынның өзі қазір бос тұр.

Станислав Цуков, Зеренді аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің бас маманы:

– Бұрын бізде бұл бөлім бөлек болатын. Бірақ еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің штатын қысқартуға байланысты қазір ол бөлім кәсіпкерлік бөлімімен біріктірілді. Ал аталған бөлімде бар-жоғы 4 маман жұмыс істейміз. Оның біреуі басшы. Ал біреуінде қазір вакансия. Әзірге туризмнің сұрақтарымен басқа маман айналысып жатыр.

Бурабайда да осыған ұқсас жағдай. Онда да туризмге бір-ақ адам жауапты. Алайда, бұл салада атқарылатын жұмыс көп. Қордаланып қалған мәселелер де жетерлік. Басқаны айтпағанда, дамуы ең ілгері деген Бурабайдың өзіне жұртшылықтың қазір көңілі тола бермейді.

Алайда жергілікті билік өкілдері басқарма мен бөлімдер қысқарса, бұл сала қараусыз қалады деген сөз емес, - дейді. Айтуларынша, облыстық басқармадағы туризмге тікелей жауапты 8 адам басқа мекеменің қарамағында болса да, қазір өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. Одан бөлек, аймақты жарнамалаумен айналысатын туристік ақпараттық орталық та бар.

Андрей Подгурский, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

– Барлық жоспарлар мен іс-шаралар сол қалпында қалды. Ештеңе өзгерген жоқ. Міндетіміз де айқын. Ол, турист қатарын көбейту. Ал инфрақұрылымдарға келетін болсақ, олар Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалады. Мәселен, қазір Бурабайда кәріз құбырын тарту мәселесі қарастырылып жатыр.

Ал Зерендіні былтыр ғана облыстық деңгейде құрылған жол картасы аясында дамытамыз, - дейді жауаптылар. Сондай-ақ қазір елорда іргесіндегі елді мекендердің де туристік әлеуеті артып келе жатқанын айтады. Алайда ондағы туризм тек бизнестің қолдауымен ілгерілемек.

Ақмола облысында енді туризмі кенжелеп, тіпті тұралап қалған бір өлке бар. Ол – табиғаты өте көркем Сандықтау ауданы. Астана мен негізгі күре жолдарға алыстау жатқан аймаққа инвесторлар көп қызыға қоймайды, - дейді сала мамандары. Тиісті жағдай жасалмаған соң онда туристер де бара бермейді. Ресми статистикаға сүйенсек, аталған өңірге былтыр тек 1 мыңға жетер-жетпес қана адам саяхаттап барған.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный