Атыраудағы ауылдар тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр

Атырау облысы Қызылқоға ауданының жұрты ауыз судан таршылық көріп отыр. Ауданға қарасты 13 елді мекен тұрғыны бұл мәселені бірнеше жылдан бері қозғап келеді. Алайда нәтиже жоқ. Ауыл халқы құрғақ уәдеге тойдық, - деп отыр. Ал жауаптылар не дейді? 

Қызылқоға ауданындағы Кенбай елді мекенінің құрылғанына 60 жылға жуықтаған. Содан бері ауыз су тапшы. Тіршілігі мал шаруашылығына байланған ауыл жұрты төрт-түлік түгілі кейде ішерге су таппай қалатындарын айтады. Теміржол тасымалы арқылы апта сайын тасымалданатын 60 тонна су жетпейді.

30-дан астам үйі бар Кенбай станциясында осындай 4 құдық бар. Апта сайын мына теміржол арқылы келетін судың өзі тұрғындар үшін аздық етеді. Ал ауыл іргесіндегі құбырдан су тарта алмай халық қиналып отыр.

Қызылқоға ауданында Кенбай станциясы сияқты 10-нан астам елді мекен тіршілік нәрінен тарығып отыр. Ал тұрғындар жауаптылардың жыл сайынғы құрғақ уәдесіне тойдық, - дейді.

Аманбек Бисенғалиев, Қызылқоға ауданының тұрғыны:

– Ауылдың жағдайы осы – су жоқ. Суды құдықтан осылай тасып ішеміз. Билік уәде береді. Уәдесі орындалмайды. Үлкен кісі де, кішісі де осылай тасып ішеді. Мал да ішеді, адам да ішеді осы құдықтан.

Жәмилә Есқалиева, Қызылқоға ауданының тұрғыны:

– Су тапшы бізде. Малға, өзімізге де қажет. Ауылға аптасына 1 рет цистернамен су алғызамыз. Үйлерге жүргізіп берсе екен суды. Негізі бізде іргеде жүріп жатыр жалпы. Мына жағымыз – Жамансор, мына жағымыз – Кенбай. Екі жақ ішіп отыр, ортада біз қалып қойып отырмыз.

Қызылқоға ауданына қарасты Миялы, Жангелдин ауылдық округтері «Қарасу» жерасты су қорын пайдаланып отыр. Соңғы жылдары су қорының азаюына байланысты ұзындығы 72 шақырым болатын «Тайсойған-Миялы» су құбырының құрылысы басталмақ. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталған. Жоба құны 5 млрд-қа жуықтайды. Ал биыл 4 елді мекендегі ауыз су мәселесі шешіледі, - дейді жауаптылар.

Айдулат Кенжебеков, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары:

– 2022 жылға Кенбай, Қосқұлақ, Айдын, Бүйрек елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қаражат бөлінді. Конкурс жұмыстары ұйымдастырылды. Мердігер анықталып, осы көктем айында бастаймыз. Жаз айында құрылыс жұмыстарын аяқтап, халық игілігіне пайдалануға беруге жоспарлап отырмыз.

Қалған 9 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр екен. Жобалау биыл сәуір айында аяқталады, - дейді жауаптылар. Тіршілік нәрінен таршылық көріп, құрғақ уәдеге тойған тұрғындар күрмеулі мәселенің шешілетініне күмәнмен қарайды.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов