Алматы облысында әскери оқу-жаттығу өтті

Өңірдегі «Іле» атыс полигонында Қорғаныс министрлігіне қарасты 61/993 әскери бөлімінің кезекті тактикалық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жыл сайын өтетін жоспарлы шара. Мақсаты – сарбаздардың біліктілігін арттыру. Әскери бөлімнің офицерлері мен қатардағы жауынгерлері Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге қатысқан.

Қысқы әскери оқу-жаттығуға 61/993 әскери бөлімінен екі десанттық-шабуылдаушы батальон қатысты. Мұнда бөлімшелер арасындағы байланыс шыңдалып, техника мен қару-жарақтың жағдайы тексеріледі. Ереже бойынша сарбаздар алдымен Калашников автоматымен алыста тұрған нысананы дәлдеп, мерегендігін көрсетуі керек.

Әскер қатарына алынған жауынгер әуелі арнайы дайындау курстарынан өтеді. Тек төртінші аптада ғана қолына қару алып, дұрыс ату тәсілдерін үйренеді. Қол гранатасын лақтыруды меңгереді. Барлық әрекетті нұсқаушылар қатаң бақылайды.

Әбілқайыр Қасымұлы, қатардағы жауынгер:

– Біз қаруды қалай қолдануды, онымен қалай атуды және де өзге жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіндегі жаттығуларды оқып, жаттап, оларды практика жүзінде қолданып өзімізге жақсы теориялық білім жинап, соны пайдаланып жүрміз. Болшақта мақсатым Құрлық әскерлері әскери институтына оқуға түсіп, қазақ халқымның тәуелсіздігін және тыныштығын қорғасам деген ниетім бар.

Оқу-жаттығуда десанттық-шабуылдаушы батальон құрамындағы жауынгерлер барлық қарудан оқ атады.

Алмас Садуақас, тілші:

– Танкке қарсы граната атқыштың дәлдігі 400 метр болса, осындай жаттығу барысында әр жауынгер 250 метр жерде тұрған нысананы көздейді.

Нұрман Нұржанұлы, десанттық-шабуылдаушы батальон сержанты:

– Сарбаздарымыздың 100% деп айтсақ болады. Жаттығуларды өте жақсы деген бағаларға орындап жатыр. Біздің сарбаздарымыз әскери қызметін отан алдындағы борышын аяқтап болғаннан кейін бұл жерде отанға деген сүйіспеншліктері, өмірге деген көзқарастары өзгеріп, 30-40 проценті келісімшарт бойынша әскери қызметпен жалғастыруда.

Жаттығудың ережесіне сәйкес әскери жасақ алыстан оқ жаудырып, шартты жаудың қатарын азайтып, әлсіретіп алуды көздейді. Бұны тактикалық тәсіл дейді. Әр жаттығуда шабуылдау әдісі өзгеріп тұрады. Автомат пен танкке қарсы гранатадан оқ атылғаннан кейін ғана шабуылға брондалған техника шығады. Соның күшімен қарсыластың шебі бұзылады.

Авторлары: А.Садуақас, Ә.Нарынбаев