Жаңаөзенде 150 тұрғын жұмысқа орналасты

Жаңаөзенде 150 тұрғын жұмысқа орналасты

Жаңаөзенде 150 адам коммуналдық кәсіпорынға қызметке орналасты. Бәрі жұмыссыздар тізімінде тұрған. Кейін сұраныс болса, жер қойнауын игеруші компанияға жолдама беріледі. Қазір мұнайшылар қаласында арнайы комиссия жұмысы, жалғасып жатыр. Оның мақсаты - екі қолға бір күрек іздеп жүрген адамдарға тұрақты, табыс көзін ұсыну. 

Оспан Қуатов - мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорынға жұмысқа  кірген көп тұрғынның бірі. Ол 5 жылдан бері әртүрлі қоғамдық жұмыстарды атқарғанын айтады. Бүгінге дейін алған ең жоғары айлығы 50 мың теңгеден аспаған. Енді отбасы тұрмысының жақсаратына сенеді.

Оспан Қуатов, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

– Мен 2017-ден бері жұмыссыздар қатарында кезекке тұрдым. Тұрақты жұмысқа кірейін де ойладым. Соңғы рет ардагерлер үйінде жұмыс істедім. Айлығы аз болса да, амалсыз істеп жүрдім. Кезегім келіп қуанып, бүгін жолдама алдым.

Негізінен коммуналдық мекеме инженерлік желілердің күтіміне жауапты. Мұнда 3 жылда 350 жұмыс орны құрылды. Жұмыссыздар тізіміндегі азаматтар алынып шаһарды абаттандыруға, жолдардың тазалығына жұмылдырылған. Кейін сұраныс түсуіне қарай жергілікті компанияға ауыстырылады. Осылайша 472 адам мұнай саласына жұмысқа тұрған.

Әлібек Бұхарбаев, коммуналдық кәсіпорын директорының орынбасары:

– Жұмысқа кірердің алдындағы шаруа ғой. Мысалы, Өзенмұнайгаздан қанша сұраныс түседі. 100 адам, 50 адам. Соның орнына біз 50 адамды жібереміз. 50 адамды жұмыссыздық орталығынан қабылдап аламыз. Жүйесі сол.

Абзал Меңдібаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы:

– Отбасында адам көп, асырушысы жоқ, үй-жайы жоқ азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін қазіргі кезде «Халықтық топ» жұмыс жасап жатыр. Олардың шығарып берген тізімдері бойынша жаңа айтып отырған 150 орынға орналастыру жоспарлануда. Жалпы Өзенмұнайгазбен жыл соңына дейін 400 жұмыс орнын ашу жөнінде келісім бар.

Яғни, мұнай өндіруші мекеме жылдың соңына тағы 250 адамды жұмысқа алуға келісім беріп отыр. Компанияның мердігер мекемелері тағы 150 тұрғынды қабылдауға дайын. Жалпы, Жаңаөзенде 150 мыңнан астам халық тұрады. 3 мыңнан астамы жұмыссыз ретінде тіркелген.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев