Ұлыбританиядағы сайлауда Лейбористер партиясы басым түсті
Ұлыбритания құрамына кіретін Англия және Уэльс сайлаушылары жергілікті мэрия өкілдерін және қала мэрін таңдады, деп хабарлайды 24KZ.
Ірі саяси дода алда өтетін жалпы сайлауда кім жеңіске жететінін болжауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде билік партиясы аз дауыс жинап, оппозициялық Лейбористер партиясы басым түсті.
Британ азаматтары сайлау учаскелеріне келіп, 2600-ден астам жергілікті мэрия өкіліне және 10 қала мэріне дауыс берді. 4 жылда 1 рет өтетін саяси додаға консерваторлар мен лейбористерден бөлек, Либералды демократтар және Жасылдар партиясы қатысты. Нәтижесінде билік партиясы сәтсіздікке ұшырады. Олар Оңтүстік Блэкпулдегі қосымша сайлау кезінде басым дауыстан және басқа да жергілікті мэриядағы орындардың жартысынан көбінен айырылды. Дауыс беру нәтижесінде, көпшілік күткендей, Лейбористер қарсыластарынан оқ бойы озық болды.
Кир Стармер, Лейбористер партиясының көшбасшысы:
- Сайлаушылар Риши Сунакқа: «болды, жетер», – деп айтты. Британиялықтарға консерваторлардың билікте отырған 14 жылы жеткілікті болды. Халық Торилерге сенуден қалды. Олар экономиканы құлдыратқан, мемлекеттік қызметтердің дымын қалдырмаған, салықтарды көтерген әлсіз үкіметтен шаршады. Олар өзгерістердің уақыты келгенін айтты.
Осы жылдан бастап сайлаушыларға жеке басын куәландыратын құжат көрсету міндеттелді. Бұған дейін тізімнен есімін тауып, дауыс беруге болатын еді. Үкімет бұл бастама дауыстарды ұрлауға жол бермейді деп түсіндірді. Бірақ дауыс ұрлау – Ұлыбританияда сирек кездесетін құбылыс. Бұл сайлау сондай-ақ жасанды интеллект пен жалған ақпараттан қорғану жөніндегі жаһандық науқанның басталуымен тұспа-тұс келді. Әлем бойынша демократиялық елдер бұл қауіпке қарсы тұру үшін бірігуі керек, – деді үкіметтегілер.
Оливер Дауден, Ұлыбритания премьер-министрінің орынбасары:
- Қазір Ұлыбритания шет мемлекеттерден келетін жасанды интеллект қаупімен күресу процесін жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде көптеген тілеулес ел тарапынан қолдау бар. Зұлымдықты болдырмау үшін бірқатар демократиялық ел бірігіп жатыр. Бұл – жеке мемлекеттің ішкі саясатына кірігу емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
Сайлаушылар сонымен қатар қала мэрлері мен қалалық ассамблея мүшелеріне және қылмыспен күрес комиссарларына да дауыс берді. Британ шенеуніктерінің айтарлықтай өкілеттігі бар, бюджетті басқарып, аймақ өкілі ретінде әрекет ете алады. Қарттар мен мүгедектерге күтім жасау, жолдағы шұңқырларды жою және қоқыс жинау сияқты бірқатар мемлекеттік қызметке жауап береді. Лондонның қазіргі мэрі, оппозициялық Лейбористер партиясының өкілі Садик Хан үшінші рет додаға түсті. Ескі автокөлік иелеріне таза ауа салығын төлетіп, қылмыспен күресте зор жетістікке жетпегеніне қарамастан, оның саясатын қолдаушылар көп болды.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Жалпы парламенттік сайлауда жеңіске жетуді көздейтін партия әдетте сол саяси доданың алдында өтетін жергілікті сайлауда да көп дауыс жинайды. Мәселен, 1979 жылы Маргарет Тэтчер бастаған консерваторлар билікке келер алдында лейбористерді ойсырата ұтты. 2010 жылы Тони Блэр және лейбористер басшылық еткенде де солай болды. Дәл осындай жағдай 2010 жылы Дэвид Кэмерон және консерваторлар жеңіске жеткен кезде де қайталанды. Ал бүгінгі жеңіліс Риши Сунакқа үлкен сын болмақ. Партияластары оған сенімсіздік вотумын жариялап, биліктен құлатуы да мүмкін.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.