Үкімет басшысы денсаулық сақтау вице-министрін сынға алды

Маңғыстау мен Атырау облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ревакциналау көрсеткіші төмен. Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі осылай деді.

Қазір еліміз бойынша 2 млн 400 мың адам тиісті екпені салдырған. Бірақ осы 4 өңір артта қалып отыр. Бұл ретте премьер-министр әкімдерге халыққа түсіндіру жұмыстарын мықтап қолға алуды тапсырды. Дегенмен еліміздің коронавирустан сырқаттанушылық көрсеткіші әлемдік рейтингте  5 сатыға жақсарды. Бір тәулікте тіркелетін індет деңгейі соңғы айда 34 есеге азайған. Қазір 30 мың науқас ем қабылдап жатыр. Халықтың тең жартысы екпенің екі компонентін де  салдырыпты. Енді мүмкіндігі шектеулі жандар да файзер вакцинасын қабылдай алады.

Сонымен қатар Үкімет басшысы журналистердің сұрағына нақты жауап бере алмаған Денсаулық сақтау министрінің орынбасарын сынға алды. Осындай олқылықтар бүкіл Үкіметтің жұмысына кері әсер ететіндігін айтты. Әлихан Смайылов: «Атқарушы билік журналистермен тығыз байланыста болу керек. Әрбір шешімді қоғаммен ақылдаса отырып қабылдау негізгі міндет»,– деді.

Айта кетейік, өткен аптада Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев журналистердің алдында кібіртіктеп қалған еді.