Түркістан облысында 10 мың отбасы үйлі болады

Түркістан өңірінде биыл 10 мың отбасы қоныс тойын тойлайды. Мұнда жыл аяғына дейін 836 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Көпқабатты баспаналардың дені аудандарда салынып жатыр.  Сондай-ақ өңірде өз күшіммен үй салам дегендерге де жер беріледі.

Зәуре Ибраймова жалғызбасты ана ретінде 10 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұр. Шиеттей бала-шағасымен пәтер жалдап тұрады. Жеке баспана сатып алуға жағдайы жоқ. Жалақысы жамбаспұлға кетсе, балалардың жәрдемақысы күнделікті ас-ауқатынан артылмайды. Қолында кәрі анасы бар. Көптен күткен арманы орындалып, жақында баспаналы болмақ. Кезегі де келіп тұр. Өзіне тиесілі пәтерді күніне бір рет келіп, қарап кететінін айтады.

Зәуре Ибраймова, Төлеби ауданының тұрғыны:

– Келген уақытта біз тексеріп, қарап жүрдік. Үйіміз жақсы, сапасы жақсы. Газымыз бар, есептеуіштердің бәрі орнында, жылу, суымыз бар. Аман-есен кілтімізді алып, осы үйге кірсек. Жалғызбасты аналар, мүгедектер, көпбалалы аналар бар – бәріміз осы үйге жеткенімізге қуанышты болып тұрмыз.

Биыл Төлеби ауданына 90 жыл. Соған орай баспана кезегінде тұрған азаматтарға 180 пәтерлі 9 үй пайдалануға берілмек. Қоныс тойын тойландырдың дені көпбалалы және жағдайы нашар отбасылар, мүгедектер мен жетімдер. Бұдан бөлек баспана кезеінде тұрған бюджеттік сала қызметкрелері де бар.

Төлеген Телғараев, аудан әкімі:

– Қазір үйлердің 6-уы дайын болып тұр. Өздеріңіз қазір көрдіңіздер. Жылу бар, коммуникациялардың бәрін қосып жатырмыз. Кілттерін табыстайтын боламыз. Жобаға кірмегендіктен жергілікті бюджеттен қажы бөліп жатырмыз. Аулаларды абаттандыру, көгалдандыру, көше жарығы бар, орындықтар, қоқыс тастайтын жәшіктер, ойын алаңшалары мен бейнебақылау камераларын қоятын боламыз.

Бүгінгі таңда Төлеби ауданында төрт жарым мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Мамандар биыл тағы да 504 пәтерлі 9 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталатынын айтады. Одан бөлек, төрт үйдің сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ ауданда жеке тұрғын үй құрылысына жер телімі беріле бастады. Биылдың өзінде мыңнан астам тұрғын он сотық жерге ие болады. Қазір Қазақстан ауылының маңындағы алаңқайға қажетті инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мейрамхан Бекболат, ауыл тұрғыны:

– Қазіргі таңда ауызсу тартылып, электр бағаналары қойылып жатыр. Жол мәселесі де шешілейін деп тұр. Бұның бәрі біздің тұрғындардың, ауыл жастарының үлкен қуанышына айналуда. Бұл жерде 170 учаске бөлінеді.

Жалпы Түркістан облысында бүгінгі күні 47 мың адам баспана кезегінде тұр. Олардың 33 мыңнан астамы әлеуметтік жағдайы нашар және көпбалалы отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлері.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш