Қазақстанның жүк көліктері Украина аумағынан шыға алмай тұр

8 қазақстандық жүк көлік Украина аумағынан Ресей жеріне өтіп кетті. Тағы 43 техника шекара маңындағы қалаларда тұр. Кейбіреуі тіптен өткізу бекеттеріне де жете алмады. Өйткені жолдар жарылып, көпірлер бұзылған. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері жауапты ведомстволарға хат жазып, жүк көліктерінің елге оралуына әрекет жасап жатыр.

Павел Шпилько Украина жерінде қалып қалған қазақстандық жүргізушілердің бірі. Оның шекара маңында тұрғанына 4 күн өтті. Жүргізушілер еліміздің елшілігіне хабарласқан. Дипломаттар әзірге жолға шығу қауіпті екенін айтты, дейді Павел. Көлік жүргізушілері тиісті шара қабылдап, Қазақстанға жетуге жәрдемдесуді сұрайды. 

Павел Шпилько, жүк көлігінің жүргізушісі:

- Біз Қазақстан азаматымыз. Ел үкіметінен жүк көлігі жүргізушілерін Украина аумағынан шығуға көмек беруді сұраймыз. Бізде 2 көлік бар. Харьков қаласынан Киев бағытына қарай 40 шақырым жерде тұрмыз. 

Күні кеше қазақстандық 4 көлік шабуылға тап болды. Жүргізушілер оқ астында қалған көліктің біреуін жөндеп, шекарадан өтіп кетті. Кейін тағы 4-і қозғалысын бастады. Алайда 40-тан астамы әлі Украинадан шыға алмай жатыр.

Мұрат Әмрин, «Атамекен» ҰКП логистика және тасымалдау департаментінің директоры:

- Көлік компанияларының несиелері бар. Олар өз міндеттемелерін уақытылы орындау керек. Сол үшін біз осы азаматтарға барымызды салып көмектесеміз. Ең алдымен төтенше жағдай болғаны туралы куәлік әзірлеп, олардың несиелерін өтеу мерзімін шегеру қажет. Палата Сыртқы істер министрлігі, Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне хабарласты. Өкінішке орай, мәселені шешу үшін арнайы жедел штаб құрылған жоқ. Әр мемлекеттік орган өз бетінше жұмыс істеп жатыр. 

«Атамекен» палатасы қазақстандық көлік жүргізушілеріне Польша мен Молдова аумағымен өтуге кеңес береді. Оларға дипломатиялық тетіктер арқылы шекараны виза мен рұқсат қағазсыз өту мүмкіндігін беру көзделген. Ал әзірге отандастарымыз өз жүгін өздері қорғап, әскерилермен келісуге мәжбүр. Палата өкілдерінің хабарлауынша, украин халқы біздің азаматтарға азық-түлік пен отын тасып, барынша қолдау көрсетіп жатыр. 

Дариға Ташенова, Артур Горшняков