Шымкентте Бадам өзенінің арнасын бұру жұмыстары басталды

Шымкентте Бадам өзенінің арнасын бұру жұмыстары қолға алынды. Өйткені қардың көбесі сөгілгенде өзеннің тасу қаупі жоғарылайды. Себебі жылда су жағасы кеңейіп жатқандықтан осы маңға жақын орналасқан үй иелері алаңдап отыр. Ал төтенше жағдайға жауапты сала мамандары тасқын суды алдын алу шараларын бақылауда ұстап отырмыз, дейді. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Жыланбұзған елді мекенінен өтетін Бадам өзенінің арнасын бұру жұмыстары басталды. Осылайша Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері су деңгейі төмен кезде көктемгі тасқынды болдырмауға қамданып жатыр. Әйтпесе ағысы қатты өзен аумағына жағалай орналасқан үйлерге қауіп төнуі мүмкін дейді.

Себебі таудың қар ерінділері мен жауын-шашыннан соң жиылған су Бадам өзеніне қосылады. Сөйтіп, өзен арнасын толтырып, тасу қаупі үдейді. Әйтпесе жылдан жылға өзен жағасы кеңейіп, жанастырып салған үйдің ауласы тарылып жатыр. Ал үйінде отырып үрейленгендердің бірі Әли Мұстапаев елең-алаң күй кешіп жүр.

Әли Мұстапаев, Жыланбұзған елді мекенінің тұрғыны:

- Бізде бір проблема осы Бадам жағасы. Мынаны қарасаңызшы, мына жерден почти 10-15 метр шайып кеткен. Көктемде апат болады, тауда қар ериді, соның әсері бізге тиіп жатыр. Қанша жер кетті.

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Еңбекші ауданы мен Абай ауданы аумағында көшкінге бейім аймаққа енген үйлерге зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Әзірге су арнасын бұрып, тасқынды алдын алу арқылы қауіпті сейілтуге болады, дейді.

Мадияр Жақсыбаев, қалалық ТЖД басшысы:

- Жол картасына енгізілген он участкенің алтауы Бадам өзенінде орналасқан. Қазіргі таңда Жыланбұзған елді мекенінде мына жағалауларды нығайту жұмыстары бойынша жүргізіп, үйлерге қауіпі бар жерлерге 12 техника тартып, тиісті алдын-алу жұмыстары толығымен жүргізілуде.

Алайда тұрғындардың көбі өзен жағасын бетондап, нығайту жұмыстарын жедел жүргізу керек деп есептейді. Су деңгейі түскен кезде арнаны бұру бос әурешілік болып қалады.

Ибрагим Теміров, Жыланбұзған елді мекенінің тұрғыны:

- Егер жағаны бекітпесе бесполезно істеп жатқандары. Мынау су деген шайтан. Бір жаққа бұрса, екінші жаққа айдап кете береді. Ертең су келсе мынаның бәрін алып кетеді. Мықтап қылмаса болмайды.

Су басуы ықтималдылығы жоғары Жыланбұзған елді мекенінде №104 эвакуациялық пункт өз жұмысын бастады. Мектеп жанынан ашылған орталықта тұрғындарға түрлі қызмет көрсетіледі. Апат айтып келмейтінін ұғынған мамандар кез келген жағдайда жедел әрекет етуге дағдыланған.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов