Әскери техниканы тізгіндеген әйел

Қатал тәртіп пен пәрменді бұйрыққа бағынған жүйеге әйел тұрмақ, ер азаматтар да шыдай бермесі анық.

Дегенмен қарулы күштер қатарында өз міндетін бұлжытпай орындап, қару асынып, техника басқарып жүрген арулар жетерлік. Сондай жанның бірі – Анаргүл Әк-биева Алматы облысы Жетіген кентіндегі 20/709 әскери бөлімінде міндетін абыроймен атқарып келеді.

3-сыныптағы сержант Анаргүл Әкебиеваның әскерде жүргеніне 25 жылдан асты. Мектеп тәмамдаған соң ауылшаруашылық техникумында оқыған. Сонда жүріп түрлі техниканы меңгереді. Кейін анасы мен әпкесінің кеңесі бойынша әскерге барады. Жастайынан әскери өмірдің ыстығы мен суығына ер азаматтармен бірге күйіп-тоңған Анаргүлге соғысуға арналған техниканы басқару қиын емес.

Анаргүл Әкебиева, 20709 әскери бөлімінің қызметкері:

- Қызық. Өйткені мұндай техниканы басқару оңай емес.

Анаргүлдің 20/709 әскери бөлімде қызмет етіп жатқанына 18 жыл болды. Бастапқыда ол зениттік-зымырындық батареядағы оператор маманы болады. Кейін техниканы тізгіндеп, оқу-жаттығуларға қатысуға деген ықыласы артып механик-жүргізуші атанады. Әскери бөлім басшыларының айтуынша, оның жаттығуда көрсететін нәтижелері ер азаматтардікінен асып түсетін кездері жиі болады.

Анаргүл Әкебиева, 20709 әскери бөлімінің қызметкері:

- Бізде жылда жауынгерлік жоспар бойынша ер азаматтарымыз Сарышаған полигонына барып, ату-жаттығуларына қатысып, алдағы орындарда келе жатыр. Әрдайым дайынмын. Ешқашан өкінбеймін осында келгеніме. Осылай бәрі қайталап келіп жатқан жағдай болса осы әскери өмірді қайтадан таңдар едім.

Анаргүл Әкебиева қызметте талапшыл әріптес саналса, отбасында аяулы жар, мейірімді ана әрине. Ол осы уақытқа дейін «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісін үш мәрте кеудесіне тақты, қарулы күштердің ардагері атанды. Жылдағы дәстүрге сай әскери бөлімнің жеке құрамы мен басшылығы Анаргүл Бекбосынқызына жылы тілектетін айтып, гүл сыйлады.

А.Садуақас, Э.Кон