Батыс Қазақстанда жол құрылысы тұралап тұр

Батыс Қазақстанда жол құрылысы тұралап тұр

Батыс Қазақстан облысында «Қазталов – Жәнібек» және «Өнеге – Бисен – Сайхын» республикалық жолының құрылысы тоқтап тұр. Соның салдарынан шалғайдағы қос ауданның халқы облыс орталығына қатынай алмай қиналып отыр.

Ми батпақ жолмен тіпті ауыр техникалар да қозғала алмайды. Ал уақытша төселген айналма жолдарды су шайып, жағдайды одан сайын қиындата түсті. Тапсырыс беруші тарап пен мердігерлер бұған сан түрлі сылтау айтады. Соның бірі вагон тапшылығы. Мысалы, осы аудандарға апаратын жолдарды 5 бірдей мердігер компания салып жатыр. Құрылыс 6 учаскеге бөлінген. Олардың әрқайсысына ай сайын кемі 1 мың вагон құрылыс материалы жеткізілуі тиіс. Мердігерлердің құрылыс материалдарын уақтылы даярлай алмауынан былтыр бөлінген 20 миллиард теңге толық игерілмеді.

Биыл бұл мақсатқа тағы 10 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп отыр. Алайда қиыршық тас пен битумның қажетті көлемінің тек үштен бірі ғана қолда бар.

Әмір Кәрімбаев, «Қазавтожол» БҚФ директоры:

– Ол біріншіден осы қаржыландыру сұрағы, екіншіден пандемия болды. Жұмысшылар ауырып жұмысқа шыға алмай қалды. Былтыр жыл басында жауын шашын мөлшері көп болды да жұмыс уақыты кеш басталды. Инертті материалдарды тасымалдау қиындығы одан кейін бүгінгі құрылыс материалдарының қымбаттауы.

Серғали Қажығалиев, мердігер компания басшысы:

– Біз БҚО-дағы «Өнеге-Бисен-Сайхын» деген жолда жұмыс жасаймыз. 50 км қашықтықта. Күннің күрт жылып кетуінен өткен аптада біраз ақаулық келтірді. Уақытша айналма жолдарымыз суға толып қалды. Қазіргі таңда бәрін тазалап уақытша айналма жолын қалпына келтіріп жатырмыз.