Шымкенттік кәсіпкерлерге кедергі көбейді

Шымкенттік кәсіпкерлерге кедергі көбейді

Ресейге салынған түрлі санкция салдары еліміздің кәсіпкерлік саласына да әсер етті. Шымкентте тоқыма өнеркәсібі тоқырауға ұшырап, қызметкерлерін жалақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал дәрі-дәрмек өндірісімен айналысатын алып компания шикізат қорын кеңейтіп жатыр. Бұған дейін тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп өндірісі тығыраққа тірелді. Төсек жабындыларын дайындауға бағытталған кәсіпорынның 200 жұмысшысы еңбек ақысы сақталмайтын демалысқа жіберілді. Себебі Швед елінің Ресейдегі желісі тапсырысты ортаң белден тоқтатып, көрші елден кетіп қалған.

Гаухар Насырова, тоқыма өндірісі фабрикасының директоры:

– Жүйелі тапсырыстың барлығы жоғалып кетті. Сонымен қатар олардың бізге деген берешегі де бар. Құнсызданған рубьлмен қарызды қайтарған күннің өзінде шығынды ақтай алмаймыз. Тағы тапсырыс түседі деп үміттеніп отырмыз. Әйтпегенде жағдайымыз қиын.

Қазір ішкі нарықтың тапсырысын өтеу үшін жұмыс орнында небәрі 37 ғана ісмер қалды. Алайда жергілікті сауда-саттық кешеніне қарап отыру алып кәсіпорынды сақтап қала алмайды.

Нұрлан Қабыштаев, қалалық кәсіпкерлер палатасының басшысы:

– Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығысқа байланысты бұл жағдай іс жүзінде барлық бизнес субъектілеріне әсер етті. Бірі тапсырысты жеткізуде кедергілерге тап болса, енді бірінде тұрмыстық тауар түрлерінің тізбегі бұзылды. Уақытында жеткізе алмайды немесе біздің өнімдеріміздің тұтынушылары дер кезінде төлем жасай алмайды.

Қазір тиісті мамандар әр саланың қиындығын еңсеру үшін тиімді мүмкіндіктердің тетігін іздестіріп жатыр. Әзірге кәсіпкерлерден форс-мажор туралы өтінімін тапсыруға сұрау салды. Бұл салықтар мен коммуналдық қызметтердің төлемін кейінге шегеруге көмектеседі. Сондай-ақ несиелік қарыздарын уақытша тоқтата тұруға мүмкіндік береді.

Ал іргелі дәрі-дәрмек өндіруші компания логистикалық қиындықтарға кезікті. Фармацевтикалық саланың түрлілігі күрделі болғасын импорт пен шикізатқа тәуелдіміз, – дейді. Мысалы, бұған дейін ампуланы Украинадан алдыртатындықтан балама жолын қарастыру күн тәртібіне шықты.

Рустам Байғарин, зауыт директоры:

– Әлбетте логистика жағы ақсап тұр. Екінші жағынан тасымалдаушылар бағаны көтеріп жіберді. Еуропадан шыққан көлік Ресей Федерациясы арқылы қатынауға қиналады. Біз әрдайым оңтайлы нұсқаларды қарастыруға тырысамыз.Сондықтан басқа елдер арқылы қабылдап алудың жолын іздеп көреміз.

Зауыттың негізгі фармацевтикалық шикізат көзі Үндістан мен Қытай, сондай-ақ Еуропа елдері. Сондықтан кәсіпорынның қуатын әлсіретіп алмас үшін үш айлық қорды әзірлеп қойдық, ал зауытты тоқтатуға ешқандай негіз жоқ, – деп отыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов