AMANAT партиясы қоғамдық қабылдауды шалғайдан бастады

Ақмола облысы Новосельское ауылында су мәселесі шешілмей келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көшелерді жарықтандыру, жол жөндеу, инженерлік желілер мен әлеуметтік инфрақұрылым тарту жұмыстары да кешеуілдеп қалған. Бұл туралы ауыл тұрғындары AMANAT партиясының мобильді қоғамдық қабылдауында айтты. Саяси ұйым өкілдері бүгін Ақмола және Қарағанды облыстарында орталықтан шалғай жатқан 10 ауылды аралап, жергілікті жұртпен кездесті. Халықтан түскен әр өтінішке жауапты тұлғалар белгіленіп, оларды орындау мерзімі нақтыланды. Мәселен, Новоселькое ауылында су құбырын тарту жұмысы биыл басталатын болды.

Светлана Паль, ауыл тұрғыны:

- Ауылдағы өзекті мәселенің бірі – су. Жиі тоқтап қалады. Құбырлар әбден тозған. Бүгін қоғамдық қабылдауда айтылған мәселелер шешімін табады деген үміттемін. Жаңа су құбыры салынып, ауылымыз таза ауыз сумен қамтылатына сенем.

Партияның мобильді тобы Қарағанды облысындағы Егіндібұлақ, Шешенқара, Дубовка, Бидайық, Орынбай ауылдарын да аралады. Ауыл деген аты болмаса мұнда жайылымдық жер жетпейді. Енді бірінде ұялы байланыс нашар. Жолдың сапасы да мәз емес. Дубовка ауылында инженерлік желілерді жөндеп, газдандыру өзекті болып тұр. Ал Бидайық елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік бөлімше жоқ. Сондай-ақ жарық жетіспейді. Сондықтан тұрғындар қосымша трансформатор орнатуды сұрады. Жергілікті жерде кәсіп ашуға ниеттілер де баршылық. Алайда жеңілдетілген несие алыстағы ауылға жете бермейді. Тұрғындар аталған мәселелерді жедел шешіуді AMANAT партиясының өкілдеріне аманаттады.

Хасен Калменов, ауыл тұрғыны:

- Шалғай жатқан елімізге келіп танысып жатқанына рақметімізді айтамыз. Мынау егін, жер мәселесі, шабындық жайылым мәселесін жоғары жаққа жеткізсеңдер.

Азамат Біржанов, AMANAT партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлімі меңгерушісінің орынбасары:

- Қай ауылда, қай ауданда, қай облыста қандай мәселе бар екеніне сараптама жүргізіп, оны мемлекеттік құзырлы органдарға тапсырып, бақылауға алып, келесі жолы жол картасына енгізу мақсаты алдымызда тұр.