Петропавлдағы дүкен сөрелерінде қант жоқ

Елдің солтүстігінде де қант жоғалып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір жергілікті халық құмшекер таппай сенделіп жүр. Тіпті кейбірі әлеуметтік дүкендердің алдында таң сәріден кезекке тұруға мәжбүр.

Бұл Петропавл қаласының орталығындағы күндердің бірі. Мұнда құмшекер іздеп келіп жатқан халықтың қарасы көп. Бірақ бірнеше күннен бері тәтті жоқ.

Татьяна Турпак, дүкен әкімшісі:

- Сатылымда қант жоқ. Тасымалдаушы фирмаларға хабарласқан едік. Олар қоймада тауардың таусылғанын айтты. Екі апта бұрын оның келісі 365 теңге болған. Естуімше, қазір кей сауда орындарында оның бағасы екі есеге дейін қымбаттап кеткен.

Дүкенен шығып, ірі сауда орындарының біріне бардық. Мұнда да сөрелер қаңырап бос тұр. Тек рафинад ғана сатылып жатыр. Бағасы бұрынғыдай.

Қазір қалада қант тек әлеуметтік дүкендерде ғана бар. Оның өзінде бір келіден артық сатылмайды. Құмшекерге қол жеткізу үшін  тұрғындар таңғы 5-тен кезекке тұруға мәжбүр.

Антонина, Соловьева, қала тұрғыны:

- Супермаркеттерде болдық. Жұрт таласып алып жатыр. Жетпей қалған соң, осында келдік. Жұрт тұрақтандыру қорының тауарын алу үшін осы маңды торуылдап жүр. Бір келіден босатса, күн сайын келуге дайыныз.

Ал жауаптылардың айтуынша, қорда 500 мың тонна құмшекер бар екендігін айтады. Жақында өңірге тағы екі вагоны жеткізілмек.  

Гамали Жұмашов, «Солтүстік» ӘКК ҚК» басқарма төрағасының орынбасары:

- Бір адамға бір келі деген шектеуді дүкендердің өздері қойып отыр деп ойлаймын. Себебі алып сатарлар көбейіп кетуі мүмкін. Және ол дұрыс шешім. Жасыратыны жоқ, кәсіпкерлерден өтініш екі есеге көбейді. Дегенмен біздің қоймада бес айға жететін оны қоры бар. Таяу күндері тағы 136 тоннасы әкелінеді.

Осыған дейін күніне тұрақтандыру қорынан шамамен 7 тонна қант қаладағы сауда орындарына жеткізілетін еді. Соңғы кездері ол үш есеге артқан. Бірақ жауаптылар бұл межеден артық тасымалдамаймыз деп бекініп отыр. Өйткені халық жаппай сатып алса, қордағы құмшекер жарты айға да жетпей қалуы мүмкін.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев