Түркістандық қариялар «Наурыз батаны» дәріптеді

Түркістандық қариялар «Наурыз батаны» дәріптеді

Түркістан қаласында Наурыз мерекесі аға буынның ізгі тілектері мен батасын алып, оларға құрмет пен ілтипат көрсетуден басталды. Ақсақалдар «Наурыз бата» дәстүрін дәріптеп, елдің амандығын тіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елге сыйлы батагөй қариялар Қ.А.Яссауи кесенесі жанындағы «Этноауыл» кешенінде тігілген киіз үйлерде ақ дастарханнан дәм татып, наурыз көже ішті. Ұлыстың ұлы күні жайында келелі әңгіме қозғады. Наурыз мейрамы ұлтымыздың ұлағатты ісін қайта жаңғыртып, ақтың молаятын, тіршіліктің жаңаратын кезеңі екенін жастардың есіне салды. Рухани құндылығы мол шараға өңірдегі этнос ақсақалдары, Ардагерлер және Қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары, Аналар кеңесі мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастар қатысты. Іс-шара аясында «Этноауыл» алаңында асық атудан жастар арасында сайыс өтті. Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен арнайы Наурыз кәдесыйлары табысталды.

Есалы Нұржанов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Бұл мерекенің мәніе де зор, халқымызға берері көп. Сол мерекені біз бүгін ел болып, елдің ағалары болып, жастарымызбен бірге атап өткелі жатырмыз. Өйткені біз көргенімізді айта береміз. Болашақта не болатын біз білмейміз. Бірақ сол болашақта жастар осыны көріп өсуі керек. Осының бәрі тәрбие.