Астанада әлеуметтік шеберхана қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Мүгедектігі бар адамдарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау болады.

Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды демеу мақсатында қазір ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай дейді. Бүгін Сенат Төрағасы елордадағы әлеуметтік шеберхана мен әлеуметтік қызмет көрсету орталығына арнайы ат басын бұрып, Ұлыс мейраммен құттықтады. Мұнда мүгедектігі бар адамдар, балалар үйінің түлектері және жалғыз басты аналар жұмыс істейді. Шеберханада ағаш және тігін цехтары, полиграфия және безендіру студиясы ашылды. Мұнда ағаштан жасалатын дүниелер қазірдің өзінде сұранысқа ие бола бастаған. Қазір әлеуметтік шеберханада 60-қа жуық адам жұмыс істейді. Олардың 95% әлеуметтік санатқа жатады. Айта кету керек, биыл "әлеуметтік кәсіпкерлік туралы" Заң күшіне енген болатын. Осы арқылы әлеуметтік осал топтағы жандарға жұмыс ұсынатын іскерлерге бірқатар жеңілдік беріледі.

Эмир Аскеров, әлеуметтік кәсіпкер:

- Былтырдан бастап біз өңірлерді дамытуға ден қойдық.  Балаларға арналған өнімдер шығару үшін филиалдар аштық. Балалардың ойлау қабілетін, моторикасын дамытуға мүмкіндік беретін экоөнімдер шығарылады. Айта кетерлігі, биыл "әлеуметтік кәсіпкерлік туралы" Заң күшіне енді. Соның арқасында біз қазір бағытымызды айқындап алдық. Сенат төрағасының қолдауын ерекше атағым келеді. Әлеуметтік кәсіпкерлердің жанайқайын тыңдай білді.

Қарттарға құрмет көрсетті

- Сондай-ақ Сенат спикері елордалық "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды. Ол мұндағы қарттарды арнайы құттықтап, игі тілегін жеткізді. Қазыналы қарияларға  Наурыз мейрамы қарсаңында мерекелік концерт ұйымдастырылды.