Қостанай облысының алты ауданын су басу қаупі бар

Қостанай облысында топырақтың жоғары қабатын тоң басты. Егер қар күрт еритін болса, сай-сала суға толуы ықтимал. Бұл жайт жергілікті құтқарушыларды алаңдатып отыр. Жалпы алты аудандағы 90 елді мекенді су басу қаупі бар. Аймақтағы ахуалды әріптесім айтып береді.

Биыл Қостанай облысында қар қалың, ылғал мөлшері тиісті денгейден жоғары. Гидрометерологтар осылай дейді. Көктем басында ауа райының боран-шашынды болуы да құтқарушыларды алаңдатып отыр. Қазір олар жанар-жағар май қорын жасап, инертті материалдарын, қапшықтарын дайындап жатыр. Елді мекендер ішінен қар шығару жұмыстары да қолға алынған.

Ерден Нұржанұлы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:

- Қарабалық ауданында жеті ауылды су басу қаупі сақталып отыр. Оларда 41 үй бар. Оның ішінде өзенге жақын Тоғызақ және Михайлов елді мекендері  ерекше бақылауда.

Тоғызақ өзенінің бойында бірнеше бақылау бекеті қойылған. Ол жерлерде метерологтар кезекшілік жүргізеді. Валентина Евтухова күніне екі рет таңғы және кешкі сағат сегізде су денгейін, мұз қалыңдығын өлшейді. 

Валентина Евтухова, гидробекет бақылаушысы:

- Қар жамылғысының тығыздығы аз. Мұз да онша қалың емес. Егер бұрын мұздың қалыңдығы бір метрге дейін жетсе, қазір орташа есеппен 56 сантиметр. Сондықтан үлкен тасқынның болуы неғайбыл.

Наурыз айының басынан өңірлік азаматтық қорғаныс жүйесі жоғары дайындық кестесіне көшірілді. Егер төтенше жағдайлар туындай қалса, оның зардабын жоюға 3 мыңға жуық адам, мыңнан астам арнайы техника тартылады. 

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг