Атбасар қаласында тұратын Лутошкиндер отбасымен волонтер

Ақмола облысында волонтер көбейіп келеді. Былтыр еріктілер қатары 500 адамға артып, 3 жарым мыңға жеткен. Қайырымды іске жаны құмар жандар әсіресе аудандарда көп.

Атбасар қаласында тұратын Лутошкиндер отбасымен волонтер. Ерлі-зайыпты Андрей мен Марина 2014 жылдан бері еріктілер қатарында. Ал олардың қайырымдылық жолын таңдауына ата-аналары сеп болған. Себебі Маринаның анасы да кезінде көп адамға көмектескен жан екен. Енді бұл игі іс олардың өмірлік ұстанымына айналды. 

Андрей Лутошкин, волонтер: 

- Волонтерлік деген нәрсе шын көңіліңмен істесең өзіңе ерекше сезім сыйлап, шабыт беретін, керемет әсерлерге толы іс. Біз бағыт таңдамаймыз. Қай салаға көмегіміз керек, сол жерден табыламыз. Талай экологиялық акцияларға, ағарту жұмыстары мен тарихи ізденістерге де атсалыстық. Мәселен, қаладағы еңбек және тыл ардагерлерін фотоларын жинастырып, олардан ескерткіш тақталар жасадық.

Жалпы Атбасар ауданында 300-ден астам волонтер бар. Олардың 285-і жастар болса, қалған 50 шақтысы ересектер. Ауданда 3 бірдей еріктілер ұйымы бар. Жетекшілерінің айтуынша, олар тазалық жұмыстарынан бастап, ағаш егу, қарияларға көмектесу, жоғалған адамдарды іздеу секілді қайырымды істерге атсалысады.

Назгүл Жәкішева, Атбасар аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

- Біздің волонтерлар ауырған адамға алғашқы көмек көрсету үшін медициналық жедел жәрдем ережелерін, сондай-ақ төтенше жағдайда әрекет ету мақсатында құтқарушылардың да біліктілігін меңгереді. Атбасарлық еріктілер өте белсенді екенін айтқым келеді. Санымыз көп болмауы мүмкін. Бірақ сапамыз мықты. Бәрі тұрақты волонтерлер. 

Сала мамандарының сөзінше, соңғы жылдары волонтерлік қозғалысқа зор мән беріліп, мәртебесі артып келеді. Жұмысты жақсарту үшін цифрландыру да қолға алынған. Мәселен, былтыр Ақмола облысында елімізде алғаш боп «Біргеміз» атты қосымша іске қосылды.

Мәнсия Есекеева, облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

- Егер сіз приложениені жүктеп алған уақытта ең бірінші алдыңызға экранда «сіз көмекке мұқтажсыз ба?» немесе «көмек бергіңіз келе ме?» деген сұрақ шығады. Егер көмек бергіңіз келсе, сіз еріктісіз. Сол уақытта сіз өзіңізді тіркейсіз. Аты-жөніңізді барлығын жазып болғаннан кейін сізге белгілі бір уведомление келеді. Қай жерде қандай адамға көмек керек екендігін. Сіз оны таңдайсыз. Бұл бір жағынан, адамдар мен еріктілер арасындағы жұмысты тез байланыстырады. 

Еріктілердің өздері де назардан тыс қалмақ емес. Оларды ынталандыру үшін жылына бірнеше рет үздіктерін марапаттап, тың жобалар қаржылай қолдауға ие болады. Ал алдағы жылдары елімізде волонтерлік туралы заң да қабылдануы мүмкін.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко