ШҚО-ның Предгорное ауылында орталық су құбыры істен шықты

ШҚО-ның Предгорное ауылында орталық су құбыры істен шықты

Шығыс Қазақстан облысындағы Предгорное ауылында орталық су құбыры істен шықты. Тұрғындар айға жуық әуре-сарсаңға түсті. Жұрттың айтуынша, әбден тозығы жеткен инженерлік желіге жеке кәсіпкер жаңа сорғы орнатыпты. Ол құбырға салмақ түсірген. Ауылдағы ағайын биліктен мәселені шешіп беруін сұрап отыр.

- Прорвало трубу, а кто будет делать, а из-за чего прорвало? Давление какое-то высокое было.

Предгорное ауылының тұрғындары үшін биылғы наурыз айы естен кетпестей болды. Бұл жолы айшықты мерекемен емес. Олар қолдарына күрек-кетпен алып, су құбырының жарылған тұсын іздеумен әбігер болды. Алайда апат әлі жойылмады. Тұрғындар ауыз суды әркімнің ауласындағы колонкалардан тасып жүр. 

Лариса Кузнецова, Предгорное ауылының тұрғыны:

- Су міне уже 15 күн, кейбіреулерінде даже бір айдай су жоқ болды. Біздің үйден су алады. Колонкамыз бар, содан су алады.

Техникалық апат шаруашылыққа да кесірін тигізіп жатыр. Фермер Оразғали Оралбай төрт түлікке күніне 500 литрге дейін су беруі қажет. Енді тығырыққа тіреліп отыр. Тұрғындар келеңсіздікке кәсіпкерлерді кінәлайды. Айтуларынша, олар коммуналдық кәсіпорынның келісімінсіз терең сорғы құрылғысын орнатқан көрінеді. Өткен ғасырдың 30-жылдары қолданысқа берілген желі мұндай қысымға шыдас бермеген.

Оразғали Оралбай, Предгорное ауылының тұрғыны:

- Авария болған. Авария болғаннан кейін судың бәрін кесіп тастады. Жаңадан турба тартты ғой элеваторға. Содан кейін біздің жақтың трубасын түгел қосқан кезде біздікін айырып тастады. 

Ал жергілікті әкімдік өкілдері келеңсіздіктің уақытша екенін алға тартты. Түсірілім кезінде шенеуніктер техникалық апатты кінәлі кәсіпкерлердің есебінен жоюға уәде берді.

Мәдина Ахатова, Краснояр ауылдық округінің әкімі:

- Элеватор жақтан су айырылып қалды. Жаңа сорғы жабдығын орнатқан. Келеңсіздікке тұрғындардың қатысы жоқ. Коммуналдық қызмет пен кәсіпкерлермен бірге бұл мәселені жуық арада шешеміз.

Ауыз су мәселесі Предгорное ауылында ғана емес, Глубокое ауданының ортақ мәселесіне айналып барады. Мәселен, Белоусов ауылындағы құбыр желісін жаңғыртуға 2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалғанымен апат әлі жиілеп тұр. 

Еркебұлан Смадияров, Дмитрий Пыхтин