Ақмола облысында техникалық мамандар тапшы

Аймақтың зауыт-фабрикаларына инженер-механиктерден бастап оператор мен машинист секілді кәсіп иелері қажет.

Естеріңізде болса, жақында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде техникалық мамандардың тапшылығын айтып, тиісті органдарға бұл мәселені шешуді тапсырған еді.

Полиэтилен қапшықтарын шығаратын бұл фабрикада 900 адам жұмыс істейді. Бірақ өндіріс ошағына әлі 300-ден астам маман қажет. Олардың басым бөлігі тігін қондырғыларының операторы мен тігіншілер болса, қалғандары машинистер, механиктер мен экструдер операторлары.

Эльмира Эзями, кәсіпорынның кадр жөніндегі директоры:

- Бізге қажетті мамандарды колледждерде де оқыта бермейді. Сондықтан жұмыс істегісі келетін адамдарды қазір өзіміз оқытып жатырмыз. Шәкіртақысын беріп, барлық әлеуметтік жағдайын жасап, өндіріске үйретеміз. Басқа амалымыз жоқ.

Кәсіпорын басшылығының айтуынша, сырттан келгендерге мұнда жатақхана да беріледі. Бірақ соның өзінде фабрикаға келгісі келетіндер аз. Ал облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының өкілдері болса, өндіріс ошақтарынан түскен сұраныстарды жыл сайын шама келгенше өтеп келеміз, дейді.

Шолпан Рахматулина, обл. жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:

- Мәселен, өткен жылы бізге аймақтағы зауыт-фабрикалардан 561 маман керектігі жайлы өтініш түсті. Біз жұмыссыз адамдарды арнайы оқытып, бұл сұранысты толық өтедік. Бізде қандай да бір шектеу жоқ. Кәсіпорындарға қанша маман керек болса, сонша дайындауға әзірміз. 

Ал жұмыссыз азаматтарды қайта оқыту үшін 100 млн теңгеден астам қаржы қарастырылыпты. Биылғы сұраныс та сол 500 адамның маңайында, - дейді, жауаптылар. Бірақ бұл мемлекеттік мекемеге өтініш берген зауыт-фабрикалардың ғана қажеттілігі. Ал құзырлы органдарға жүгінбегендері қаншама. Бұдан бөлек өңірдегі 20 шақты колледжде қазір 7 жарым мыңнан астам бала техникалық мамандықтарды меңгеріп жатыр. Алайда олардың барлығы бірдей оқу бітірген соң өз дипломы бойынша жұмысқа орналасатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Дегенмен, білім басқармасы алдағы жылдары техникалық мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік тапсырысты көбейтеміз деп отыр.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный