Степногорск қаласында жылу электр орталығы әбден ескірген

Стратегиялық маңызы бар нысан жарты ғасыр бұрын салыныпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Естеріңізде болса, жақында ондағы қазандықтардан ақау шығып, шаһардағы үйлер суып кеткен еді.

45 мың халқы бар Степногорск қаласына энергия таратып отырған жылу-электр орталығы 1966 жылы бой көтерген. 50 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан нысанда өткен аптада бір емес, екі бірдей қазандық араға күн салып, бірінен соң бірі жарылды. Нәтижесінде тұрғындар бірнеше тәулік тоңып отыруға мәжбүр болды.

Иә, қалалықтар соңғы жылдары жылу-электр орталығының қондырғылары жиі бұзылатынын айтады. Мұны кәсіпорын басшылығы да мойындап отыр. Өйткені олар әбден ескірген. Тозған темір жиі сыр береді. Бірақ ешқашан жылудың мүлдем тоқтап қалуына жол берген емеспіз дейді энергетиктер.

Игорь Шитов, Степногорск ЖЭС директоры:

- Қазіргі таңда бізде барлық олқылықтар ретке келтірілді. Бүгінде 4 қазандық қалыпты жұмыс істеп тұр. Қалаға тиісті температураны беріп отырмыз. Ал жаздыгүні 3 қазандықты күрделі, тағы 3 қазандықты ағымдағы жөндеуден өткіземіз. Ол үшін 3 жарым млрд теңге қарастырылған.

Жылу мекемесі басшысының айтуынша, қазандықтар 4 жыл сайын күрделі жөнделеді. Бірақ ескінің аты ескі. Сондықтан жаңарту қажет. Алайда оған қыруар қаражат керек. Мәселен, бір ғана қазандықты ауыстырудың өзіне қазіргі есеппен 14 млрд теңге кетеді. Ал әлемдік экономика құбылып тұрған шақта жаңғырту ісінің жүзеге асуы екіталай екенін де мұндағылар жоққа шығармайды. Алайда қазандықтарды жаңартпай, жағдай оңалмайтын секілді. Себебі шағын шаһарда апатсыз-ақ жылуға жарымай отырған үйлер бар.

Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, осындай шағым жасаған пәтерлерді қазір арнайы мониторинг тобы аралап, жағдайды зерттеп жүр. Кемшілік кімнен анықталса, жұмыс соларға жүктеледі. Алайда көбіне баспана иелерінің өздері мен үйге жауапты меншік бірлестіктері кінәлі боп жатады дейді, тексерушілер.

Құрманбай Бейсенбеков, мониторинг тобының мүшесі:

- Кей үйлерде пәтерлерге жылу тарататын құбыр бекітіліп қалған болады. Одан қалды, тұрғын үйлердің біразы ескірген. Ол да өзінің кері әсерін тигізеді. Кейде тіпті, есік-терезесі ашық-шашық пәтерлер де кездеседі. Жылу мәселесімен бәріміз қосылып, кешенді түрде күресуіміз керек деп ойлаймын.

Моноқаладағы тағы бір мәселе – жылу-электр орталығы мен қаланың арасы өте алыс, 28 шақырым. Ал осы екі аралықта жатқан 4 магистральді құбыр да ескірген. Сол себепті біраз жылу далаға кетеді. Оларды толық ауыстыру үшін 20 млрд теңгеге жуық қаржы керек дейді мамандар. Сондықтан әзірге үйлердің ауласындағы 7 жарым шақырымнан астам желі жаңартылмақ. Себебі олардың да 80 проценттен астамы көнерген.

Сағындық Шабаров, Степногорск қаласы әкімінің орынбасары:

- Жылда біз 2-3 пайызға жөндеу жасаймыз. Бірақ жылда 2 пайызға өседі. Сол себепті қуып жете алмай жатырмыз. Сондықтан үлкен қаражат бөлу керек. «КазЦентрЖКХ» бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Сонымен жауаптылар алдағы уақытта қазандықтардың бұзылуын болдырмауға және желілердегі ақауларды барынша ретке келтіруге тырысамыз деп сендірді. Айтуларынша, жылу беру маусымы біте сала жөндеу жұмыстарына кіріспек. Жалпы Степногорск жылу-электр орталығы қазір осындағы 450 тұрғын үй мен 100-ден астам әлеуметтік және әкімшілік нысанға жылу таратып отыр.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный