Тасқыннан зардап шеккен ауылдарға көмек көрсетіледі – БҚО

Батыс Қазақстан облысының 4 ауданында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланғаны мәлім. Өңірде 140 үй мен 2 әлеуметтік нысанды су басты. 751 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кету керек, аймақта қар күрт еріп, қарғын су автокөлік жолдары мен Қаратөбе, Шыңғырлау, Жәнібек, Бөрлі, Тасқала және Теректі аудандарындағы тұрғын үйлерге залал келтірді. Қазір өңірде волонтерлік штаб құрылып, зардап шеккен ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін есепшот ашылған. Өңір кәсіпкерлері мен қоғамдық ұйым өкілдері көмекке мұқтаж ауылдарға азық-түлік пен өзге де қажетті заттар жөнелтіп жатыр.

Тасқын салдарынан баспанасы бүлініп, төрт түлігі шығын болған ағайынның абдырап қалғаны рас. Дәл қазір оларға моральдық та материалдық та көмек керек. Шүкір, қиындықты еңсеруге келгенде өңір халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ортақ іске бірікті. Қиналған жұртқа азық-түлік, киім-кешекпен және қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Жасалатын барлық көмекті бір орталықтандыру үшін арнайы есепшот ашылған.

Кенесары Нұршинов, Amanat партиясы БҚОФ атқарушы хатшысының орынбасары:   

Қазіргі таңда біз гуманитарлық азық-түлікпен көмектесудеміз. Астығы бар, шай шағу майы бар, үйдің ішін жылытатын құрылғылар бар, картоп бар, солармен көмек істеудеміз. Партия қатарындағы азамат пен азаматшалар бар, партия мүшлері  бар, олардың өздері тапсырған қаражаттары бар 1 миллион жарымның үстінде. Шалғын мен Жақсыбай ауылдарына азық-түлік жөнелтуді жоспарлап жатырмыз.

Тасқыннан ең көп зардап шеккен елді мекеннің бірі – Жәнібек ауданына қарасты Жақсыбай ауылы. Мұнда 97 үйге су кірген. Қазір тасқынның беті қайтты. Бірақ 53 үй әлі судың ортасында тұр. 600-дей ауыл тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілген. Олардың кейбірі туған-туыстарын сағаласа, енді біразы мектепті паналауға мәжбүр. 2 жүкті әйел тікұшақтың көмегімен облыс орталығына жеткізілді. Көршілес Талов ауылында да біраз үйге су кірген.

Сайран Жапалақова,  Жақсыбай ауылының тұрғыны: 

 Әкеміздің қарашаңырағы, сонда мал шығыны болып, үйі құлады. Қоралар да кетті. Қозы, қой бәрін есептегенде 42 қой шығынға ұшырады. Үйі суға кетті. Құлады бәрі жары кетті. 

Шыңғырлау ауданына қарасты Ақбұлақ ауылында осыған ұқсас жағдай. Тұрғындар төрт түлікті аман алып қалудың қамымен сабылып жүр. Ауданға қарасты Шоқтыбай, Талдысай және Қайыңды мен Алмаз ауылдарына апарар жолдарды су шайған. Құтқару қызметі Кеңтүбек ауылдық округіне қарасты Мақтарал ауылын назарда ұстап отыр. Утва өзенінде мұз ою жұмыстары жүрігізіліп, қауіп төнетін тұстарға құм толы қапшықтар қойылды. Шаған мен Деркөл және Жайық өзендері тасуы мүмкін деген болжам бар. Тасқын зардаптарын жоюға жұмсалатын қаражатқа келсек, қазіргі таңда облыстың ішкі резервінде 2 миллиард теңгедей қаржы бар. Ауыл тұрғындарының шығынын  арнайы құрылған комиссия мен тәуелсіз сарапшылар есептейді. Ол үшін тұрғындар арыздарын аудандық комиссияға ұсынуы керек. Шығынды өтеу аудан немесе облыс бюджеті есебінен жүзеге асады. Тасқын қаупі облыс орталығының айналасындағы саяжай аумақтарына да төніп тұр.

Айта кету керек, қазір саяжайлардағы халық саны 6 мыңға жетіп қалған. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов