Тасқын су зардабы: БҚО-да төрт ауданда төтенше жағдай жарияланды 

Өңірде 140 үй мен 2 әлеуметтік нысан суға кеткен. 751 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кету керек, аймақта қар күрт еріп, қарғын су автокөлік жолдары мен Қаратөбе, Шыңғырлау, Жәнібек, Бөрлі, Тасқала, және Теректі аудандарындағы тұрғын үйлерге залал келтірді. Қазіргі таңда өңірде волонтерлік штаб құрылып, зардап шеккен ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін есепшот ашылған. Тасқыннан ең көп зардап шеккен елді мекеннің бірі Жәнібек ауданына қарасты Жақсыбай ауылы. Мұнда 97 үйге су кірген. Қазір тасқынның беті қайтты. Бірақ 53 үй әлі судың ортасында тұр. 600-дей ауыл тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілген. Олардың кейбірі туған туыстарын сағаласа, енді біразы мектепті паналауға мәжбүр. 2 жүкті әйел тікұшақтың көмегімен облыс орталығына жеткізілді. Көршілес Талов ауылында да біраз үйге су кірген.

Сайран Жапалақова, Жақсыбай ауылының тұрғыны:

– Қарашаңырақтағы әкеміздің қарашаңырағы, сонда деген мал шығыны болып үйі құлады. Қоралар да кетті. Қозы, қой бәрін есептегенде 42 қой шығынға ұшырады. Үйі деген бәрі суға кетті. Құлады бәрі жары кетті.

Шыңғырлау ауданына қарасты Ақбұлақ ауылында осыған ұқсас жағдай. Тұрғындар төрт түлікті аман алып қалудың қамымен сабылып жүр. Ауданға қарасты Шоқтыбай, Талдысай және Қайыңды мен Алмаз ауылдарына апарар жолдарды су шайған. Құтқару қызметі Кеңтүбек ауылдық округіне қарасты Мақтарал ауылын назарда ұстап отыр. Утва өзенінде мұз ою жұмыстары жүрігізіліп, қауіп төнетін тұстарға құм толы қапшықтар қойылды. Шаған мен Деркөл және Жайық өзендері тасуы мүмкін деген болжам бар. 

Ернұр Өтегенов, облыстық ТЖД басшысы:

– Жәнібек ауданы бойынша Жақсыбай ауылында су сору жұмыстары жүргізілуде. Қаратөбе бойынша суды сөткізу Қалдығайтыда өткізілуде. Және Бөрлі ауданында қазір су деңгейі қауыпті деңгейде болғасын өте қатты күшті бақылауға көшірілген болатын. Тасқала Бәйтерек аудандарында қар бар. Сол қардың әсерінен Деркөл өзкеніне судың келу деңгейі көтерілуде. Гидропосттар тұрған жерлердің есесін алсақ,  1 суткада 50 сантиметрден жоғары судың көтерілуі көбейіп отыр.

Тасқын зардаптарын жоюға жұмсалатын қаражатқа келсек, қазіргі таңда облыстың ішкі резервінде 2 миллиард теңгедей қаржы бар. Ауыл тұрғындарының шығынын  арнайы құрылған комиисия мен тәуелсіз сарапшылар есептейді.

Тілепберген Қаюпов, облыс әкімінің орынбасары:

– Шығынға ұшыраған тұрғындарымыз 30 күннің ішінде өздерінің өтініштері аудандық комиисяға ұсынуы қажет. Аудандық комиссия жұмыстарының жүргізіп, тәуелсіз бағалаушыларды апарып зардап шеккен тұрғындардың үйлерінің күрделі жөндеуге немесе жай жөндеуге немесе ол жарамсыз болып орнына басқа үй салып беру туралы шешімдері шығарылғаннан кейін ауданның бюджеті қаражаты көлемінде немесе аудан бюджетінде бұл қаражаттар жетіспеген жағдайда облыстық ТЖД арқылы бюджетке ұсынады.

Баспанасы мен дүние-мүлкі бүлініп, төрт түлігі шығынға ұшыраған ағайынға қолдау ауадай қажет. Осыған байланысты барлық көрсетілетін көмекті бір орталықтандыру үшін арнайы есепшот ашылды. Мектеп жасындағы балалар үшін онлайн оқыту ұйымдастырылады. Зардап шеккендерге жиналатын киім-кешек пен төсек-орын жабдықтарын осы мақсатта құрылған волонтерлік штабқа тапсыруға болады. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов