БҚО-да су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасып жатыр

БҚО-да су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасып жатыр

Батыс Қазақстан облысында тасқынның бетін қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Зақым келген үйлерден су сорылып, қауіпті жерлерге 3 мың қапшық құм төселді. Бұл жұмыстарға 500 адам мен 134 техника және 2 тікұшақ тартылды. Көршілес Атырау мен Маңғыстау облыстарынан келген құтқарушылар да атсалысып жатыр. Шыңғырлау ауданындағы су шайып кеткен автожолдардың 10 тұсында бақылау орнатылды. Сонымен қатар трансшекаралық Қараөзен мен Сарыөзен және Жайық өзеніндегі су деңгейі де ұдайы бақылауда. Қала іргесіндегі саяжай аумақтарын қорғау мақсатында Шаған өзеніне де құм толы қапшықтар әкелініп жатыр. Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин және Достық ауылдарында су сору жұмыстары жалғасып жатыр. Ал Утва өзенінде су деңгейінің төмендегені байқалады.

Медет Мұханов  Бөрлі аудандық ТЖ бөлімінің бас маманы:

- Бақтыарал ауылындағы әр ауланы қарап шықтық. 56 тұрғыны бар 23 үйдің барлығы тексерілді. Қазіргі таңда бұл ауылды су басу қаупі сейілді деп сеніммен айтуға болады. Сонымен бірге соңғы тәулікте судың деңгейі белгіленген 728 сантиметрден 707 сантиметрге дейін төмендеді.