Су тасқыны: БҚО-ның бірнеше ауданында ахуал күрделі

Су тасқыны: БҚО-ның бірнеше ауданында ахуал күрделі

Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланған аудандардан өзге елді мекендерге де қарғын судан қауіп бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның ішінде Деркөл, Шежін өзендері кесіп өтетін Тасқала ауданындағы ахуал алаңдатады. Тасқынның алдын алу шараларына көрші облыстан құтқарушылар жұмылдырылды.

Облыстың батыс бетіндегі ауданда жыл сайын қар қалың түседі. Ертерек қамданбаса, екі өзен әп-сәтте арнасынан асып кетуі мүмкін. Деркөлдің екі жағын бойлай орналасқан Тасқала ауылында тасқын қаупі биыл да төніп тұр.

Шамұрат Сабыров, Тасқала ауылының тұрғыны:

- Мына көрші үй кірді су. Қар әлі жатыр тауларда. Әлі келеді. Қатты бір жаңбыр болса, келеді. Мынадан асып кетеді. Мына жерге дамба салып жақсы болды. Бұрын дамба болмағанда осы жерге келіп тұратын еді су.

Ауылдың ішінде үш бағыттан тоғысатын каналдар мен бір бөгет бар. Каналдар өзенге құяды. Гидронысандарда қазір су толассыз ағып жатыр. Былтыр арналар тазартылып, қосымша құбырлар орнатылыпты.

Қуаныш Қабдолда, Тасқала ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Өткен жылдары осы бөгеттерді су көп келген кезде жыртып кету фактілері болғандықтан, 2021 жылы қосымша сақиналар салынды. Жалпы таудан келетін су осы арадан өтіп, Деркөл өзеніне барып құяды.

Облыста бір мезетте-ақ бірнеше елді мекенде табиғи апат болған кезде арнайы техника мен еңбек күшінің жетіспейтіні айқын сезілді. Аймаққа Атырау мен Маңғыстаудан құтқару жасақтары көмекке келді. Солардың жартысы Тасқала ауданына жұмылдырылған. Олар көшелерді қар суынан жедел тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Дастан Аманкешұлы, Маңғыстау облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Біз 2 сәуірде келдік. Ол кезде жағдай расымен күрделі еді. 400-ден астам тұрғын үй мен шаруашылық нысандарының аумағын қар суынан тазарттық. Құм толы 5 мыңнан астам қапшық дайындалды. Әзірге арқаны кеңге салуға ерте. Ауа райы да қолайсыз болады деп болжанып отыр.

Негізгі қауіп Деркөл өзенінен төніп тұр. Ол Тасқала ауданынан бастау алып, Орал тұсынан Жайыққа құяды. Жол-жөнекей ешқандай өзен қосылмайды. Сондықтан басты кезекте сең мен жылғаларды жіті қадағалау маңызды.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Деркөл өзенінің деңгейі сәл көтерілген. Кейбір аумақтарында мұз ерімей, сең жиналып қалған. Қатты ағыс келген жағдайда кедергісіз өтуі үшін құтқарушылар осылай мұзды қолмен ойып жатыр.

Әкімдік теңгерімінде тасқынға тосқын шараларына қажетті 12 бірлік техника ғана бар. «Табиғи апат болған жағдайда шаруа қожалықтары мен кәсіпорындар жәрдем береді» дейді аудан әкімі.

Бауыржан Айтмағамбетов, Тасқала ауданының әкімі:

- Тау жағынан келетін, даладан келетін судың көбі өтті. Бүгінгі күнге қалған сулар ағып жатыр. Қауіп сақталып тұр. Сол себептен алдын алу шараларын әлі күнге дейін жүргізіп жатырмыз. Қалған елді мекендер бойынша жағдай тұрақты. Құрылыс, жол құрылысы саласында, ауданымызда істеп жатқан мекемелердің ауыр техникалары бар. Сол техникаларды дайын ұстап отырмыз.

Облыста Қаратөбе, Шыңғырлау, Жәнібек, Бөрлі аудандарында төтенше жағдай режимі сақтаулы тұр. Сондай-ақ Бәйтерек, Теректі аудандарында да алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр.

Еркебұлан смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов