ШҚО-да ауылдағы мектеп тозып тұр

ШҚО-да ауылдағы мектеп тозып тұр

Жаңа Бұқтырмадағы қазақ мектебі Алтай ауданындағы ең жоғарғы білім ұяларының қатарында, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл сайынғы түлектердің ҰБТ-да орта есеппен 112 балл жинауы білім сапасының да биіктігін көрсетеді. Алайда оқитын орындағы жағдай көңіл көншітпейді. Қабырғалары көгеріп, сыз тартқан ғимараттың едендері де әбден тозған. Ал терезелердің болмауынан дәлізде жарық жоқ. Оған қоса ені бар болғаны бір метр болғандықтан еркін жүре алмайды. Сондықтан балалар үзілісте сыныптан шықпай отыруды әдетке айналдырған. 

Ғимараттың тұрғызылғанына 50 жылдан асқан. Бірақ содан бері ешқандай жөндеу көрмепті. Ал ағымдағы жұмыстардың өзі сапалы болмағанға ұқсайды.

Бір жағынан, бұл балаларға үлгі-өнеге беретін, Абайдың кім екенін түсіндіріп, насихаттайтын болса, екіншіден Абай атамыз біздің ар жағындағы шұрық-тесік екенін қорғап тұр.

Мектептің жәй-күйін түзеуге ата-аналар комитеті де белсене кіріскен. Ұжымның бір мүшесі Мәрия апайдың көмегімен білім ұясында ұлттық музей жасақталып, тұрмыстық заттар қойылды. 2006 жылы Қытайдан оралған қандасымыз осындай іс арқылы бұл мәселеге көпшіліктің көңілін бұруға тырысқан.

Мәрия Керім, Алтай ауданының тұрғыны:

Біз тарихи отанымызға оралуды шештік. Өйткені менің балаларымның Қытай болғанын қаламас едім. Қазақ болғасын жер де қазақ болып қалуы тиіс. Елі үшін еңбек етсін дедік. Ал ата-ана, әже ретінде балаларымыздың үлкен, жайлы мектепте оқыса дейміз. Бірақ жағдайын көріп тұрсыздар ғой. Жаңбыр жауса, төбеден су кетеді. Балалардың қауіпсіздігін ойлаймыз.

Мектепте дене шынықтырумен айналысуға да мүмкіндік жоқ. Спорт залы болмағандықтан, өзге нысаннан жалдауға тура келген. Дегенмен ол жаққа жетудің өзі қауіпті. Балалар көлік ағыны қарқынды жолды кесіп өтіп, әрең барады.

Ерлан Жанпейісов, Жаңа Бұқтырма ауылындағы мектеп директоры:

Қыста қиын, жаттығудан терлеп шыққан балалар қайта мектепке жеткенше тоңып қалады. Бірақ басты мәселе – жол. Оған қоса, бізде жыл бойы туристер көп. Машина да көп. Сондықтан балалар аман болса екен деп ойлап отырасың.

Мектеп қатысты бұл мәселе Әсел Нұрғазиева секілді ата-аналарды алаңдата бастаған. Оның айтуынша, соңғы уақытта өзге білім ұясының балалары тозығы жеткен ғимаратта оқитындарды күлкіге айналдыра бастапты.

Әсел Нұрғазиева, Алтай ауданының тұрғыны:

Балаларымыз қымсынып, ұялшақ болып барады. Оларға басыңды көтеріп жүр, мақтан ету керек деп айтамын. Бірақ біз қандай патриот ұл мен қыз тәрбиелей аламыз, егер олардың мектебінде жағдай болмаса?

Әсел дәл осындай мәселе балабақшаға да қатысты екенін айтады. Онда жалғыз қазақ тобында 4-5 жасар балалармен бірге екі жастағы бүлдіршіндер де тәрбиеленіп жатыр дейді. Сондықтан ауылға мектеппен қоса балабақша да салынуы керек дейді. Ал нысанның жобалық сметалық құжаты 7 жыл бұрын дайындалған.      

Мұрат Мұхамеджанов, Жаңа Бұқтырма ауылының әкімі:

Құрылыс жүретін орында белгіленген еді. Бірақ сонымен тоқтап қалды. Бүгінгі күні қазақ мектебінде 140 бала оқып жатыр. Оның 55-і көрші 6 елді мекендерден тасымалданады. Менің ойымша, егер 250 орындық жаңа мектеп салынса, онда оқушылар саны көбейеді.

Бұл жағдайдан облыстық Білім басқармасы да хабардар. Әзірге ауылдағы туу көрсеткіші мен инфрақұрылымды зерттеп жатыр. Бірақ мәселенің нақты қашан шешілетінін ашып айту әзірге ерте.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Анель Есенбердина, Жигер Бабаканов.