Маңғыстауда қоғамдық көлік әбден тозған және жуылмайды

Ал маңғыстаулықтарды ескі автобус шаршатты. Жолаушылардың айтуынша, қоғамдық көліктер әбден тозған әрі жуылмайды.

Бұған ақша жоқ дейін десең, жолаушы көп. Тіпті көп балалы аналарға берілетін жолақы жеңілдігін де алып тастаған.

Осы Мұнайлыға қатынайтын қоғамдық көлікке біздің тілшіміз де мінген еді. Көрейік.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Қазір күнделікті қарбалас сәт. Автобустардың  іші лық толы, есігі әзер ашылып, жабылады. Ілінсең іліндің, ілінбесең қала бересің. Кейде жолаушылардың  екі-үш автобусқа сыймай қалатын кездері болады. Бұл Мұнайлыға қатынайтын автобустарға қатысты. Менде үлгіріп көрейін. 

Күндегі көрініс осы. Автобустың ішінде ине шаншар орын жоқ. Жұрт таласа-тармаса мінеді. Ақтаудан 10 шақырым қашықта орналасқан ауданда 180 мың адам тұрады. Көбі қалаға жұмысқа қатынайды. Екі аралыққа қоғамдық көлік 6 бағытта жүреді. Автобустардың әрқайсысы тәулігіне 500-ге жуық жолаушыны тасымалдайды. Жыл сайын адам көбейгенімен автобустар саны артар емес әрі ескі. Тазалық та сақталмайды, оның үстіне ұзақ күтеміз, дейді тұрғындар.

БЛИЦ

- Лық толы болғаны ештеңе емес, жаңа автобус  тоқтамай кетті. Тап қазір кеткен бойы 5 минут.

- Адамдар сыйыспайды, қысылып барады, автобусқа мінгім де келмейді. Ауа жетпейді, ыстық, автобус таршылық етеді, адам көп. Қызылтөбе-2-ге үлкен автобустар қойса.

- Бүгін мінген автобусым бұзылып қалды Автодромда. Одан 2-ші автобус күттік, жұмысқа асығамыз ғой, жарты адам қалып қойды сыймай. Сыйғанымыз тығылысып келдік, оның ішіде де айқай болады, әрі тұр. Бері тұр, итерме деп. Шаңдарда, борандарда көп күтіп қалдық.

- Жаздың уақытында талып құлап қалған адамдар көп болады. Әрі іші лас, тазалық жоқ. Жұмысқа жетуіміз мұңға айналды, қанша рет әкімдікке жаздық.

Мұнайлыға қатынайтын қоғамдық көліктегі жолақы құны да басқа аудандарға қарағанда жоғары. 120 теңгеден басталады әрі соңғы уақытта кейбір жеңілдіктер алынып тасталған.

Құрал Айтжанова, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

- Көп балалы анамын. 105, Қызылтөбе-2, 103-ке ол жарамайды, тегін қатынамаймыз. Бұрын тегін жүрдік. Білмеймін неге екенін?Шаруамыз шығады ғой Маңғышлаққа былай, былай, өте қиын болады.

Жергілікті биліктің мәселеден хабары бар. Соңғы 5 жыл бойы айтылып келген мәселе биылдан бастап  шешіледі деп хабарлады.

Асхат Құлтанов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Автобустарды лизингтік тәсілмен жеңілдетіп беру мәселе талқыланып отыр. 7 жылға 0 %-пен және бастапқы жарна Үкімет тарапынан немесе кәсіпкер тарапынан берілмейді, Инфрақұрылым даму министіріне ұсыныс бердік, Мұнайлы ауданына қатынайтын 40 автобус қажет. 2022 жылға 105 маршрутының барлық құжаттары дайындалып, алғашқы жарнасы төленіп, 12 автобус келеді. Барлық категорияны тегін жүргізгенбіз, 1 жарым жыл жүргізген нәтижесі қоғамдық көлік жағдайы сын көтермейді, барлық категорияны тегін тасығаннан кейін тасымалдаушыға ақша түспейді.

Көп балалы аналар мен мүгедектігі бар жолаушылар енді жол ақысын төлейді. Басқарма тарапынан жеңілдік беру үшін министрлікке ұсыныс жолданған. Ал қалған 5 бағыттағы автобустарды жаңалау 2023 жылға жоспарланған. Оған дейін тұрғындардың күтуден басқа амалы жоқ.

Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев