Президенттік жастар кадрлық резерві «Самұрық-Қазына» қорын дамытуға үлес қосып келеді

Былтыр «Самұрық-Қазына» 1 жарым трлн теңге таза кіріс тапты. Қорды дамытуға президенттік жастар кадр резервінің өкілдері де үлес қосып келеді. Бүгінде қор компанияларында мұндай 33 маман бар. Алдағы уақытта олардың қатары артуы мүмкін.

Азамат Асанов Президенттік жастар кадр резервінің 2019 жылғы қатысушысы. Қаржыгер мамандығының иесі. Жоба өзі секілді жастардың қызметтік өсу жолында мол мүмкіндік бергенін айтады.

Азамат Асанов, «Қазмұнайгаз» АҚ еншілес компаниясының өкілі:

- Резервке түскелі бері мен Оралға жіберілдім. Қазір ТОО Урал ойл энд газ деген еншілес компания бар, соның қаржы және экономика жөніндегі директорының орынбасары болып тағайындалдым. Содан бері Оралда жаңа кен орыны бар Рожковская деген, 2023 жылы, Құдай қаласа, соны ашуға атсалысып, қазір жұмыс істеп жатырмыз. Жастарға енді үлкен мүмкіндіктер туындады.

«Самұрық-Қазына» компаниялар тобында 33 резервші жұмыс істейді. Оның 8-і Қордың өзінде. Алдағы уақытта Президенттік кадр резервінің мүшелері үшін жұмыс орындарын ұсынуға дайынбыз дейді Қор өкілдері. Ол үшін бүгін арнайы кездесу ұйымдастырылып, резервшілер мен Қор басшылығы тікелей тілдесті.

Алмасадам Сәтқалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы:

- Қор құрылымында қызмет атқаруға ниетті болсаңыз, бірден басқарушы директор немесе вице-президент міндетіне тағайындалуды күтудің қажеті жоқ. Қызмет тізбегінің барлық сатысынан өткен адам міндетін барынша меңгеріп, сол арқылы құзіреттілігі кеңейеді. Әріптестер осыны түсінуі қажет. Бұл жаңа кадрлар Қордың жаңа стратегиясын жасаушылар.

Бүгінде «Самұрық-Қазына» еліміздегі ең ірі жұмыс беруші саналады. Қор мен оның еншілес компанияларында 250 мыңға жуық адам еңбек етеді. Қызметкерлердің жартысына жуығы жастар.