Газды сақтаудан қызмет көрсететін нысандарды МӨЗ балансына қайтару ұсынылды

Энергетика министрлігі сұйытылған газды сақтау бойынша қызмет көрсететін объектілерді мұнай өңдеу зауыттарының балансына қайтаруды ұсынды.

Үкіметте экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Бұл жолы комиссия мүшелері отын-энергетика кешеніндегі жағдайды қарастырды.

Энергетика министрінің айтуынша, қазір Атырау және Павлодар зауыттарында газ сақтау парктері мен құю эстакадалары жеке ұйымдарға тиесілі. Олардың қызметтері қосымша ақыға ұсынылады. Бұл өз кезегінде газ бағасына әсер етеді. Болат Ақшолақов мұнай өңдеу зауытына қара алтын жеткізудің қолданыстағы құрылымын өзгертуді және делдалдарды алып тастауды ұсынды. Комиссия бұл ұсыныстарды қолдады.