Қарағанды өңірінде жүзу бассейндері жетіспейді

Қарағанды өңірінде жүзу бассейндері жетіспейді

Ақтоғай, Бұқар жырау, Осакаров, Ұлытау, Шет, Қарқаралы аудандарында мүлдем жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, халықтың сұранысына сәйкес әлі де 25 метрлік 74 бассейн салу қажет. Қазір Шахтинск пен Қаражал қалаларында құрылысы басталған. Өкінішке қарай, аймақта ашық спорт алаңдары да аз. Дегенмен Қарағанды облысы спорт инфрақұрылымын салудан еліміз бойынша алғашқы үштікке еніп отыр. Яғни жұртты жаттығу залдарымен қамту көрсеткіші әрбір мың адамға шаққанда 63 процентті құрайды екен. Қазір өңірде барлығы 3 мың 280 спорт ғимараты жұмыс істесе, соның 1 мың 267-сі ауылдық жерлерде. Тек соңғы екі жыл ішінде 15 дене шынықтыру сауықтыру кешені салынған.

Темірхан Абылаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Жалпы халыққа көбірек сұраныс – жүзу бассейндері. Бассейн су спорты, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін өте қолжетімді спорт түрі ғой. Сондықтан аудан орталықтарында, көпшілік жерлерде бассейн жетіспейді. Оны салу біздің жоспарда бар.