Шымкент тұрғындары биік үй салуға қарсы

Шымкент қаласындағы Шымсити шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйлер қаз-қатар бой көтеріп, үй ауласы тарылып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тоқтаусыз жұмыс істеп жатқан ауыр техникалардың даусынан мезі болған жергілікті жұрт осылай дейді. Мердігер мекеме жұмысын дереу тоқтатпаса, құрылыстың салдарынан жапсарлас үйлер жапа шегуі мүмкін, деп алаңдаулы. Шымсити шағын ауданындағы бұл тұрғын үйлердің көбі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде сатып алу құқығынсыз жалға берілген. Сондықтан көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік әлсіз топтар қоныстанған. Тұрғындарға саябақ салынады деп уәде етілген жер телімінде құрылыс қайта басталды. Себебі бұған дейін тұрғын үй салғасы келген мердігердің ісі заңсыз деп танылып, тоқтатылған еді.

Айгүл Сыздықова, қала тұрғыны:

Терезе ашсаң шаң-тозаң. Мынандай дарыл-дырылмен ешқандай мүмкіндік жоқ. Тыныштық жоқ. Бала деген жүгіріп топыраққа әрі барады, бері келеді. Машинамен топырақты түсіріп жатады. Мына жағында балдар ойнап жатады. Ертең мына жерде ауыр техникалар жүреді. Құрылыс заттар түседі ауыр-ауыр. Мына үйлер биыл осадка бермесе де 2-3 жылда осадка береді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

– Тұрғын үйдің ауласы тарылып жатқанына қапалы тұрғындар балаларын қайда апарып ойнатарын білмейді. Себебі сапасыз салынған ойын алаңы бүлдіршіннің өміріне қауіп төндіріп тұр екен. Бүлінген әткеншек пен түсініксіз темір жиынтығынан арылып, баланың алаңсыз демалу орнын қалыпқа келтіріп берсе екен деп отыр. 

Балалардың ойын алаңын жөндеуден өткізіп, серуендеуге саябақ сұрап жүргендер жер сипап қалды. Араға жыл салып құрылыс техникаларын сайлап қайта келген мердігер компания енді шындап кірісіпті. Аумақты қоршап, күзетті де күшейткен. 

Сапархан Қаныбеков, қала тұрғыны:

Үйлердің бәрі тығыз. Арасы жақын. Мынаны қарашы ешқандай мүмкіндік жоқ. Демалатын орын, ешқайда шығатын жер жоқ. Қайда барып демаламыз. Мынаны қарашы?

Нұркен Егенов, қала тұрғыны:

Әкімшіліктен басында айтылған ғой парк салынады. Аллея болады,деп. Қаншама үй бар. Ешқандай парк жоқ. Мына жердің өзінде оншақты үй бар. Бір де бір парк, балалар ойнайтын жер жоқ.

Ал мердігер компанияның өкілдері тиісті құжаттарын жинап, құрылысты бастауға рұхсат алғандарын айтады. Жергілікті билік өкілдері болса, балалар алаңын биылдан қалдырмай күрделі жөндеуден өткізбекші. Ол үшін қалалық бюджеттен 203 миллион теңге бөлінген.

Құдайберген Қалдықараев, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары:

Арыз-шағым түсіп жатыр. Осы ауламызда балалар ойын алаңшасын салып беру бойынша. Біз ол бойынша барып, зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Үш жылдан өтіп кеткен. Одан бөлек өздеріңіз көргендей жағдайы балаларға өте қауіпті болып тұр. Көбісі сынып кеткен. Осыған байланысты былтыр есептеп, қаражатын қойып, биылға жоспарлап отырмыз.

Ал Шымсити шағын ауданы бойынша салынуы тиіс саябақтың орны өзге жер телімінен қарастырылған. Сондықтан әкімдіктегілер тұрғындардың уәжі орынсыз деп отыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов